Бизнес пен биліктің арасындағы көпірге айналатын тәжірибеге тоқтала келе, инвесторларға қолайлы ұсыныс жасап, әлеуметтік маңызы бар салаларға басымдық беру керектігін айтып өтті.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жаңа әкімдіктің ғимаратында алғаш аппарат мәжілісін өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жиналысты құттықтау сөзбен ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Мәжілістің күн тәртібінде өңірдегі құрылыс саласы мен Түркістан қаласының дамуы, тұрғын үй құрылысы және экологиялық мәселелер қаралды. Түркістан облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметінше, мемлекеттік - жекеменшік әріптестік (МЖӘ) аясында жүзеге асып жатқан жобалар бойынша Түркістан облысы елімізде көш бастап келеді.
Атап айтсақ, Түркия кәсіпкерлері халықаралық әуежай құрылысы мен денсаулық сақтау саласына тиесілі кешендерді жүзеге асырмақ. Жиын барысында басқарма тарапынан облыста МЖӘ датыму жөнінде ұсыныстар берілді. Олар: табиғи газ нысандарын сенімгерлік басқаруға беру, Түркістан қаласында тұрғын үй салу, жеке әріптес анықталмаған жобалардың есептеулерін қайта қарау, аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен ішкі көшелерді серіктестікке сеніп тапсыру, елді - мекендердегі санитарлық-тазалау жұмыстарын сервистік қызметке беру. Облыс басшысы бюджет шығындарын жеңілдету үшін мемлекеттік - жекеменшік әріптестік тетігін тиімді әрі белсендірек қолдану қажет екенін атап өтті.
Бизнес пен биліктің арасындағы көпірге айналатын тәжірибеге тоқтала келе, инвесторларға қолайлы ұсыныс жасап, әлеуметтік маңызы бар салаларға басымдық беру керектігін талап етті. Жиналыста Түркістан қаласын дамытып, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарының барысы талқыланды. Арыс тәжірибесін негізге ала отырып, 32 секторға бөлінген Түркістан қаласын көркейту жұмыстары өңір басшысының қатаң бақылауында. Бүгінде қаланы көгалдандыру, абаттандыру, орталық көшелерді көріктендіру, күл-қоқыстан арылтып, ауыз су, газбен толық қамтамасыз ету, жарықтандыру жұмыстары қарқынды жүруде. Аппарат отырысында Түркістан қаласында жүріп жатқан тұрғын үй құрылысына қатысты соңғы мәліметтер талқыланды. Жыл соңына дейін «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1200 пәтерлі 20 тұрғын үй мемлекеттік қызметкерлерге беріледі. Оның ішінде арендалық 11 үйдің қабылдау актісі жүргізіліп, қазір үй кезегінде тұрған азаматтарға заң талаптарына сәйкес үйлестірілуде. Жиын барысында облыстағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын заңдастыру мәселесі талқыланды. Бұл мақсатта арнайы комиссия құрылып, оларды 1-шілдеге дейін толық жөндеу жүзеге аспақ.