28-30 сәуір аралығында Отырар ауданының өнерпаздары жалғастырады.
Ордабасы ауданының мәдениет күндері көпшілікке рухани байлық сыйлады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістандағы «Visit Turkistan» аумағында Ордабасы ауданы өнерпаздарының қатысуымен гала-концерт өтті. Бұл кеш Түркістан облысының 5 жылдығына орай өтіп жатқан «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында ұйымдастырылған. Мәдени шара тарихтан сыр шертетін, сондай-ақ, ұлттық салт-дәстүрге негізделген көріністермен бастау алды. Содан соң ауданнан шыққан танымал тұлғалардың туындыларымен жалғасын тапты. Әсем ән де, күмбірлеген күй де, мың бұралған би де қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл күй сыйлады.
Жалпы, Ордабасы ауданының мәдениет күндері үш күнге жоспарланған болатын. Шараның алғашқы күнінде этноауылда қылқалам және қолөнер шеберлерінің көрмесі өтіп, ақ әжелердің киіз басу, ұршық иіру, жүн сабау сынды қолөнерге қатысты көрінісі көпшілікті тәнті етті. Әжелер көрінісі ауданның «Жас толқын» үлгілі балалар мен жасөспірімдер театрының Алтыбақан жанындағы сахналық қойылымымен жалғасын тапты. Сондай-ақ жас бүлдіршіндер жұмбақ жасырып, жаңылтпаш қайталаудан білімін сынап көрді. Шара соңында аудандық өнер мектебі мен «Ордабасы» фольклорлық халық ансамблінің концерттік бағдарламасын тамашалаған қала тұрғындары мен қонақтары оң бағаларын беріп жатты.
Ал екінші күні Ордабасы ауданының мәдениет күндері ұлттық құндылықтармен толыға түсті. Этноауылда арқан тарту, қазақша күрес, гір тасын көтеру, асық ату, ләңгі ойнау, тағы басқа ұлттық спорттық ойындардан жарыс ұйымдастырылды. Қазақтың ұлттық тағамдар көрмесінде жергемтөс, қарын бүрме, өрметөс секілді ерекше ас түрлері қамтылған. Сонымен қатар ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа байланысты ашамайға мінгізу, қыз ұзату, сырға салу, бесікке салу, тұсаукесер және құрсақ той көріністері сахналанды. Ал ауданның жас өнерпаздарының концерттік бағдарламасы көпшіліктің назарын аудара білді.
Айта кетейік, аталмыш фестиваль шілде айының соңына дейін өтеді. Аудан-қалалардың өнерпаздары Түркістан қаласында апта сайын өз өнерлерін көрсетеді деп жоспарлануда. Келесі көшті 28-30 сәуір аралығында Отырар ауданының өнерпаздары жалғастырады.