14 үйді жаңғырту жұмыстары 2023 жылы жүргізіледі деп жоспарланып отыр.
Темірланда 9 көпқабатты үйді жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қазіргі таңда аудан орталығы - Темірлан елдімекенінде 9 көпқабатты үйдің шатырларын ауыстыру, қабырғаларын, кіреберістерін (подъезд) бояу және балкондарын жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қалған 14 үйді жаңғырту жұмыстары 2023 жылы жүргізіледі деп жоспарланып отыр. Бүгінгі таңға тиісті жұмыстардың 90 пайызы аяқталған.
Аудан әкімдігінің хабарлауынша, бұл істің тұрғындар үшін тиімді тұстары - үй иелерінің жөндеу жұмыстарын мердігер мекеменің өздері жасайды. Мекеме жұмысын тұрғындар арасынан сайланған белсенді топ бақылауда ұстап, қадағалайды. Жөндеу жұмыстарына қатысты тұрғындардың сын-ескертпелері болса мердігерге жеткізе отырып, өзгерту енгізе алады. Сонымен қатар жөндеу жұмыстары аяқталғанда үйді қабылдап алуға да сол белсенді топ мүшелері атсалысады.
Жалпы «Черемушки» мөлтек ауданында 23 көпқабатты тұрғын үй орналасқан. Барлығы кондонминиум нысаны ретінде әділет басқармасында тіркеуден өткен. Үйлер 1978 жылы бой көтерген және содан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген.
Айта кетсек, 2020 жылы «Темірлан ауылындағы көпқабатты тұрғын үйлерді жаңғырту» жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалған.