ТҮРКІСТАН: Орташа есеппен әр гектардан 20,5 центнер бидай жиналып жатыр

0
1 045

Жалпы астықтың 8 пайызы орылып үлгерген.


ТҮРКІСТАН: Орташа есеппен әр гектардан 20,5 центнер бидай жиналып жатыр

Түркістан облысында бидай ору науқаны қарқын алды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Ауыл шаруашылығы басты өндіріс саласы болып есептелетін Түркістан облысында астық ору науқаны басталып, жер емген күнгейліктердің белі талып істеген жұмысы нәтижесін беруде. Осы орайда Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібеков бүгін Манкент ауылдық округін аралап, ауыл шаруашылығы саласындағы және инфрақұрылымдық жұмыстардың жоспарға сай орындалуын пысықтады.

Алдымен аудан әкімі мұндағы тіркелген 1200 шаруа қожалықтың бірі - «Халмурад» шаруа қожалығына тиесілі егін алқабындағы астық ору және жинау жұмыстарымен танысты. Манкентте, жалпы, 4500 гектар ауыл шаруашылығына арналған егістік жері бар екен. Қазір мұнда орташа есеппен 1 гектардан 18-24 центнерден астық жиналып жатыр. Бидай ору науқаны бойынша Сайрам ауданы көлемінде жоспар 8,1%-ға орындалған.

Нақтырақ айтсақ, қазіргі таңда Сайрам ауданында жоспарланған 16 мың гектар бидайдың 1,3 мың гектары орылып, жиналып, осы жерден алған өнімнің көлемі 20 665 тоннаны құрап отыр. Орташа есеппен алсақ 1 га жерден 20,5 центнер өнім жиналып жатыр.