Түркістан облысының әкімі жұмыс сапарымен Созаққа барып, өндіріс орындары мен шаруалардың жұмысымен танысты.
Облыс әкімі алдымен Шолаққорған ауылындағы «Ғажап» шаруа қожалығына аялдады - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мал бордақылаумен айналысатын қожалық 2004 жылы құрылған. Қазіргі таңда онда мүйізді ірі қара, жылқы, қой мен түйе малы өсірілуде. Тіпті таза қанды ағылшын тұқымдары да бапталуда. Қожалықтың меншігінде 200 гектар жайылым жер бар. Серіктестің жұмысымен танысқан облыс басшысы өңірде түйе шаруашылығын дамытып, шұбат өнімін арттыру қажеттігін тапсырды. Бұл тұрғыда мемлекеттік қолдаудың да болатынын жеткізді.
Сондай-ақ, Өмірзақ Естайұлы аудандағы индустриалды аймақта болып, ондағы бірқатар өндіріс орындарын аралап көрді. Аудандағы индустриалды аймақта 4 жоба жүзеге асырылған. Жалпы жер көлемі 50 гектарды құрайды. Ондағы жобалардың бірі «UKO-S Star» металл құрастыру зауыты» ЖШС. Аталған мекеме 2017 жылы жұмысын бастаған. Техникалық майларға арналған темір бөшке шығарумен айналысатын жобаның жалпы құны 337 млн. теңгені құрайды. Кәсіпорын жылына 120 мың дана бөшке шығаруға қауқарлы. Онда 50-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.
«Дархан-АС» өндірістік кооперативінің «Ас тұзын өңдеу зауыты» да индустриалды аймақтың аумағында жұмыс істеп келеді. Аталған зауыт 2015 жылы іске қосылған. Жобаның инвестициялық құны 210 млн. теңге. 3 гектар аумақта орналасқан мекеме жылына 9600 тонна ас тұзын өндіреді. Зауытта 14 адам жұмыс істейді. Орташа жалақы 50 мың теңге.