«Үйіңде дуа бар» -деп гипноз жасаған.
Тұрғынның алтыны мен ақшасын көз алдында алдап алып кеткен өзбекстандық екі әйел ұсталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің 102 пультіне 12 мамыр жылы күндізгі уақытта жергілікті тұрғын шағымданып, 2 әйелге алданғанын, олар гипноз арқылы көз алдында алтындарын жымқырып кеткенін айтқан.
Егде жастағы әйелдің айтуынша, оның үйіне өзге ұлтты 2 әйел келген. Олар жәбірленушіге «үйіңде дуа бар, соны тазалап береміз» деген желеумен өздерінің тазалау әрекеттерін жасап, осы аралықта тұрғынның мойнындағы алтын алқасы, саусағындағы алтын сақинасы мен 100 000 теңгеден астам ақшасын алдау жолымен әкетіп қалған. Олар кеткен бойда есін жинаған әйел, бірден полицияға хабарласып, алаяқтарды ұстауға көмектесуін сұрайды.
Тәжірибелі полицейлер жәбірленушінің айтқан белгілері бойынша жедел іске кірісіп, барлық қажетті шараларды жасады. Олардың мініп келген көлігі туралы үлкен трасса бойындағы патрульдік полиция қызметкерлеріне хабарлады. Осылайша жолдарды патрульдеп жүрген Түркістан облысының Патрульдік полиция батальонының 6 взвод қызметкерлері аталған күдіктілер мінген «Лада Приора» көлігінің ізіне түсіп, жарты сағаттан кейін қуып жетіп, тоқтатқан. Ал көлік ішіндегі әйелдер полицейлерді көрген бетте ен далаға қарай қашады.
Полицейлер бірден әрқайсысы әр жаққа қашқан әйелдерді түгелімен ұстады. Аталған күдікті екі әйелден алаяқтық жолмен алынған алтындар мен ақша айғақты зат ретінде алынды. Патрульдік полицейлер ұсталған 5 әйелді де полицияға жеткізді. Олардың жеке-басын тексеру кезінде Өзбекстан Республикасының тұрғындары екендігі анықталды.
Аталған жайт Қазығұрт АПБ-ға ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алынып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Қазіргі таңда тұрғынды алдап кеткен 2 әйел қамауда. Полицейлер олардың Түркістан облысында орын алған басқа да алаяқтық істеріне қатыстылығын тексеруде.