Үйлеріне арнайы барып, сый-сыяпатын тапсырды.
Сайрам ауданының әкімі мереке қарсаңында соғыс және еңбек ардагерлерін құттықтады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Сайрам ауданының әкім Ұласбек Садибеков Ұлы Отан соғысының ардагері мен Қоғам қайраткерін құттықтады. Бүгінде ауданда ҰОС-ның жалғыз қатысушысы тұрады.
Атап өтсек, соғыс ардагері Шайхуддинов Мукарам армия қатарына 19 жасында шақырылған. Қарулы Күштер қатарына шақырылғанға дейін МТС-те тракторшы, жүргізуші болып жұмыс істеген. І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және мерейтойлық сегіз медальмен марапатталған.
«Төбеміздегі тұнық аспан үшін сіздерге көп рахмет. Сіздер 4 жыл бойы қаншама қиындықтардан, өздеріңізге қымбат адамдарды жоғалту сәттерін бастан өткердіңіздер. Жыл сайын ардагерлер азайып барады, біз арамыздағы әрбір батырға алғыс айтамыз, бағалаймыз. Біздің міндет – Сіздерді көзіміздің қарашығындай сақтап, ертеңгі ұрпаққа ерліктеріңіз туралы айтып қалдыру. Сізге және жақындарыңызға зор денсаулық тілеймін», – деген аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков ардагерге сыйлық табыс етіп, ерлігі үшін алғыс айтты.
Сондай-ақ, аудан әкімі Қоғам қайраткері Розақұл Халмурадовтың шаңырағына арнайы барып Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған медальін тағып, құттықтады. Өз сөзінде аудан әкімі мемлекеттік қызметте ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек етіп, жастарға көрсеткен үлгісі үшін ардагерге алғысын білдірді.