2022 жылы көрсеткішті 92%-ға жеткізу жоспарланған.
Түркістан облысында облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 87%-ға жетті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
2021 жылы атқарылған жұмыстар нәтижесінде Түркістан облысында облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 87%-ға жетті. 2022 жылы сапалы жолдардың үлесін 92%-ға жеткізу жоспарланған. Жол саласына қатысты мәселелер мен жоспарлар облыс әкімі аппаратының отырысында кеңінен талқыланды. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өңір экономикасы мен туризмі үшін сапалы жолдардың маңызы зор екеніне тоқталып, алда атқарылар жұмыстарды екшеді.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Р.Ибрагимовтың айтуынша, 2021 жылы құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 688 нысан немесе 2100 шақырымға жуық жол мен көше қамтылған. Оның 1200 шақырымға жуығы пайдалануға берілген. Облыстық маңызы бар жолдар бойынша 4 көпір және 1100 шақырым жол құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылуда. Оның ішінде 3 көпір мен 351,3 шақырым жол ел игілігіне тапсырылған. Аудандық маңызы бар жолдарға келсек, 4 көпір мен 87 шақырым жолға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары қолға алынып, 3 көпір мен 33,8 шақырым жолдың құрылысы аяқталған. Өңірдегі елді мекендердің 922,2 шақырым көшесі мен жолына құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 804 шақырымы пайдалануға тапсырылған. Оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» жобасымен 254 нысан немесе 326,5 шақырым жол пайдалануға беріліп отыр. Қалған жолдардың құрылысы биыл жалғасын тауып, аяқталады деп күтілуде. 2022 жылы автомобиль жолдары саласын дамыту арқылы 500 нысан немесе 1400 шақырымға жуық жол мен көше жөндеумен қамтылады деген жоспар бар.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірдегі бірқатар маңызды жобалар бойынша жол құрылысын тездетуді, жолдың сапасын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Елді мекен тұрғындары үшін жол мәселесі шешілуі керектігін айтты. Сонымен бірге Түркістан қаласының ішкі жолдарының жағдайын жақсарту бағытындағы жұмысты күшейту жөнінде тапсырма берді. 2022 жылы Түркістан қаласында 52,9 шақырым көшенің жолы құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылады деп жоспарланған. Осы арқылы облыс орталығындағы жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдардың үлесі артады.
Аппарат отырысында құрылысы аяқталған газбен қамтамасыз ету нысандарын «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ теңгеріміне өткізу бойынша атқарылып жатқан жұмыс барысы да сөз болды. Түркістан облысында 841 елді мекеннің) 457-сі (54,3 %) немесе 1 млн. 374 мың (67,2 %) тұрғын табиғи газбен қамтамасыз етілген. Биылғы жылдың соңына дейін 472 елді мекен (56,1%) немесе 1 млн. 407 мың (68,8%) тұрғын табиғи газбен қамтамасыз етілетін болады. 2025 жылы 722 елді мекен (85,8%) немесе 1 млн. 791 мың тұрғын (87,6%) табиғи газбен қамтамасыз етіледі деген жоспар бар.