Қала әкіміне жүріп жатқан жұмысты ұдайы бақылауда ұстауды тапсырды.
Сарыағаш қаласын дамыту жоспарына сәйкес абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Сарыағаш ауданының орталығы – Сарыағаш қаласын дамыту жоспарына сәйкес абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Осыған орай, аудан әкімі Арман Абдуллаев қала аумағындағы гүлдер отырғызу, қураған ағаш бұталарды ретке келтіру, жол жиегіндегі ағаш қоршауларды ауыстыру, аяқжолдарды жаңарту, жарықшам жүйелерін күтіп ұстау, көшеттерге суғару жүйелерін тарту жұмыстарымен танысты. Аралау барысында қала тазалығын үнемі бақылауда ұстауды және биыл қала аумағындағы орталық көшелердегі істен шыққан жарықшамдарды толығымен жаңартып, өзге де ішкі көшелердегі жарықшам жүйесінде орын алған ақаулықтарды ретке келтіруді ескертті.
Сонымен қатар абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер мекеме басшыларына жұмыстарды сапалы, белгіленген мерзімде аяқтауды міндеттеп, қала әкіміне жүріп жатқан жұмысты ұдайы бақылауда ұстауды тапсырды.
"Қала аумағында жыл өткен сайын тұрғын үйлер саны көбейіп, құрылыс жұмыстары да қала тазалығына өз әсерін тигізіп отырғаны рас. Дегенмен, біз қала тұрғындарының таза әрі әдемі табиғат аясында демалысын тиімді өткізулері үшін бар жағдайды жасауымыз қажет. Ол үшін көше бойларын абаттандыру керек. Қала тұрғындары мен сырттан келетін қонақтардың түнгі мезгілде де қауіпсіз жүруі үшін көше шамдарын уақтылы ауыстырып отыру керек. Қала тазалығын сақтау – тұрғындардың ортақ міндеті", – деді аудан басшысы.