Жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Сауран ауданының елді мекендерін абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаев кезекті есепті кездесуін Майдантал ауыл округінің тұрғындарымен өткізді. Әкім алдымен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар жобаларды баяндады. Майдантал ауыл округінде атқарылатын жұмыстарға тоқталды. Тоқсан сайынғы әкімдердің халық алдындағы есеп беруі жұмыстарының жүйелілігін көрсетеді. Халық пен билік арасындағы ашықтықты негіздейді.
Майдантал ауыл округінде ауыз су жүйелерін ағымдағы жөндеу және қоқыс полигонының аумағына қоршау орнату жұмыстары жүргізілуде. Ауыл округіне қарасты Ынталы елді мекенінде 900 орындық мектеп құрылысына сыртқы инжинерлік инфрақұрылымдардың құрылысына ЖСҚ әзірленуде. Сондай-ақ Жангелдин көшесіне жарық орнатылуда. Елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары ұдайы жүргізіледі.
«Халқымызда «тірлік басқа болса да тілек бір, бармақ басқа болса да білек бір» деген сөз бар. Әкімдердің тұрғындар алдындағы есеп беруі жақсы дәстүрге айналды. Бұл – бірінші кезекте атқарушы билік пен халық арасындағы үнқатысуға құрылған шара. Сол себепті, мұндай кездесулерде біз өзіміздің атқарған жұмыстарымызға сіздер арқылы сын көзбен қарап, болашаққа жоспар жасауға мүмкіндік аламыз», – деді аудан басшысы.
Есептік кездесуде халық көкейіндегі маңызды мәселелер жан-жақты айтылды. Егістікке су баратын арықтар әбден тозған. Салдарынан егістікке су тиісті мөлшерде жетпейді. Бұл жағдай тұрғындарды алаңдатып отыр. Аудан әкімі арық-атыздарды жөндеу жұмыстары біртіндеп қолға алынып жатқандығын жеткізді.
Қорыта айтсақ, ауылда атқарылған жұмыстар аз емес. Жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Кездесуден соң ауыл тұрғындары бірлігі мығым болса, келешегі де кемел болатынына сенім білдіріп тарқасты.