Сауран ауданының құрылғанына 1 жыл толуына орай ұйымдастырылған.
Сауран ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен облыстық «Сазды Сауран» композиторлар байқауы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласындағы «Ақжайық» музыкалық мектебінде Сауран ауданының құрылғанына 1 жыл толуына орай, Сауран ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен облыстық «Сазды Сауран» композиторлар байқауы өтті.
Бұл байқауға өңіріміздің композиторлары қатысты. Қазылар алқасы құрамында дарынды композитор, ән өңдеуші Қанат Жұмабаев, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ- дің профессоры, белгілі сазгер – Бекжігіт Сердәлі, Түркістан қаласы адами әлеуетті дамыту бөлімінің «Ақжайық» музыкалық мектебінің директоры, музыкант — Сырым Айсынов, Қазақстан Республикасының Композиторлар одағының мүшесі, белгілі композитор – Нышан Төлегенов, Түркістан облысының мәдениет басқармасының «Мәдени іс-шараларды ұйымдастыру» бөлімінің басшысы – Мұқағали Кенжетай болды.
Байқау нәтижесінде бас жүлдені Шерхан Алибеков еншіледі. Бірінші орынды Мұхтар Тұрлыбеков жеңіп алса, Алмас Мұхтарұлы екінші орынға ие болды. Ал, Болат Оразымбетов пен Мұхтар Құралов үшінші орынға лайық деп танылды. Жүлдегерлерге арнайы диплом мен ақшалай сыйлықтар тапсырылды. Сонымен бірге, бір топ үміткер арнайы сыйлықтармен марапатталды.