ТҮРКІСТАН: Созақ ауданында күре жолдар жөнделіп жатыр

0
703

152 шақырымына асфальт салу жұмыстары басталған.


ТҮРКІСТАН: Созақ ауданында күре жолдар жөнделіп жатыр

Созақ ауданында «КХ-2 Ұланбел-Созақ-Екпінді» бағытындағы облыстық маңызы бар тас жолының құрылыс жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Созақ ауданында өткен баспасөз-туры аясында БАҚ өкілдері «КХ-2 Ұланбел-Созақ-Екпінді» бағытындағы облыстық маңызы бар тас жолының құрылыс жұмыстарымен танысты.


Бүгінде Созақ ауданын кесіп өтетін бұл автомобиль жолын жөндеу жұмыстары қарқын алған. Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан өткен жылы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының 152 шақырымына асфальт салу жұмыстары басталған болатын.


Бұл орайда, «КХ-2 Ұланбел-Созақ-Екпінді» бағытындағы автомобиль жолының Шолаққорғаннан Ыбырайға дейінгі 83 шақырымы, «КХ-57 Созақ-Қарағұр-Бақырлы» автомобиль жолының Созақтан Қарағұрға дейінгі 30 шақырымы және «КХ-56 Жамбыл облысының шекарасынан Құмкент-Шолаққорған-Ащысай» жолының Шолаққорғаннан Құмкентке дейінгі автомобиль жолының 39 шақырымы бойынша асфальт жабындысын төсеу жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Нысандар 2024 жылға өтпелі.


Баспасөз-турында белгілі болғандай, «КХ-2 Ұланбел-Созақ-Екпінді» автомобиль жолының 33 шақырымына «Нұр строй LTD» ЖШС құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Өткен жылы 12 шақырымына жаңа асфальт төсеген. Қалған 21 шақырымын осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.


Мердігер компанияның учаске шебері Бақыт Тажиковтың айтуынша, жол жөндеу жұмыстары жоспарға сай атқарылып жатыр.


«Автомобиль жолдары еліміздің «күретамыры» болғандықтан жолаушыларға барынша ыңғайлы, қауіпсіз болуы шарт. Біз жөндейтін жол учаскесі 33 шақырымды құрайды. Былтыр оның бір бөлігін жаңарттық. Жыл соңына дейін қалған жолды аяқтаймыз деген жоспар бар. Жүргізушілерге техникалық жұмыстар кезінде қауіпсіздік шараларын сақтап, уақытша қойылған жол белгілеріне назар аударуға шақырамыз», - деді Б.Тажиков.


Жалпы аудан көлемінде 917 шақырымдық автомобиль жолы бар. Оның ішінде облыстық маңыздағы - 435 км, аудандық маңыздағы – 79 км,елдімекендердің ішкі жолдары -403 км.


Еске сала кетсек, былтыр Созақ ауданында 34 шақырымды құрайтын 23 көше жөндеуден өтті. Бұл ретте, «Ауыл - ел бесігі» жобасы шеңберінде 30,5 шақырымды құрайтын 19 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Осы жылы бюджеттен 27 шақырымды құрайтын 24 көшенің жөндеу жұмыстарына қаражат бөлінді. Сонымен қатар облыстық маңызы бар 5 автомобиль жолын жөндеуге бюджеттен қаржы қаралып, тиісті жұмыстар жүріп жатыр.