ТҮРКІСТАН: Созақтағы екі ескі мектептің орнына жаңасы салынатын болды

0
634

Бұл облыс әкімі мен ақсақалдар кездесуінде шешілді.


ТҮРКІСТАН: Созақтағы екі ескі мектептің орнына жаңасы салынатын болды

Созақтық ақсақалдар Ө.Шөкеевпен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Созақ ауданындағы Ы.Алтынсарин мен Т.Әлімқұлов атындағы ескі екі мектептің орнына жаңа білім ұялары бой көтеретін болды. Сонымен бірге ауданға заманауи мектеп - интернаты мен "Дарын" мектебі аса қажет. Бұл мәселелерді созақтықтар ауданға жұмыс сапармен барған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевпен кездесуде көтерді. Созақ ауданының ардагерлері мен зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізген өңір басшысы теріскейдегі ел ағаларының ұсыныс-пікірлерін, өтініштерін тыңдады. Ауданды көркейту бағытындағы ойларын тыңдап, күрделі мәселелерді шешу жолын талқылады.


Әдемі дәстүрге айналған облыс басшысы мен ақсақалдардың кездесуі бұл жолы да мазмұнды өтіп, ашық әңгіме барысында аға буын өкілдері әкім алдында ауданның бірқатар мәселесін көтеріп, көкейде жүрген сауалдарын қойды, пікір алмасты. Карантин талаптарын сақтай отырып өткізілген кездесу барысында ауданның әлеуметтiк-экономикалық дамуы, қоғамдық - саяси тұрақтылықтың сақталуы бағытында келелі кеңес құрылды.


Аудан ардагерлері білім ұяларын салу бастамасымен қатар Созақты газдандыру жұмысы жеделдетілсе деген ұсыныстарын жеткізді. Өйткені отынға қол жеткізу қиындап барады. Сонымен бірге ақсақалдар өңірді дамыту, Түркістанды гүлдендіру бағытындағы жұмыстарға оң бағаларын берді. Облыс әкімінің Арыс пен Мақтааралды қалпына келтірудегі қайраткерлігін де жоғары бағалады.


«Жуырда Қарттар күні мерекесіне орай Түркістанға арнайы бардық. Сол мерекеде сіз «Фараб» кітапханасымен таныстырдыңыз. Кесене маңындағы туристік және рухани-мәдени орталықтардан жақсы әсер алдық. Түркістанда үлкен жұмыс атқарылып жатыр екен. Жалпы ауданымыздан 180-дей ардагер Түркістанға саяхаттап, өзгерістерді көріп қайтты. Екіншіден, Түркістан облысының Созақ ауданы мен Жамбыл облысының Сарысу ауданын жалғап жатқан жолдың тозығы жеткен болатын. Аталған жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жақында пайдалануға берілді. Жол жөнделіп, барыс-келіс жеңілдеді», – деген ардагерлер әкімге тұрғындар атынан алғыстарын білдірді.


Ардагерлер мен зиялы қауым өкілдерінің әрбір ұсыныс-тілегін мұқият тыңдаған Өмірзақ Шөкеев Созақтағы түйткілдер шешімін табатынын атап өтті. Тиісті басқарма басшылары мен жауапты өкілдерге тапсырма берді.


«Айтып отырған мәселелеріңіз өте орынды. Созаққа интернат керек. Ыбырай Алтынсарин мектебінің ғимаратын да салып береміз. Тиісті басқармаға тапсырма бердім, бюджетке енгіземіз. Жалпы ауданда білім саласының дамуы жаман емес. Қаншама математиктер, дарынды тұлғалар шықты. Бірақ қазір мықты математик ұстаздарға зәруміз. Мықты мамандарды сақтап қалуымыз керек. Қазір мұғалімдерге жағдай жасалып жатыр. Ендігі кезекте олардың білім сапасына да мән беріп, дарынды шәкірттер даярлауына ықпал еткен жөн. Мен әр аудан, қалаға барған сайын жергілікті ардагерлермен, ел ақсақалдарымен міндетті түрде кездесемін. Өйткені, сіздер жұрттың мәселесін жақсы білесіздер, ашық айтасыздар. Бүгінгі кездесуде де ешқайсыңыз жеке бастың шаруасын айтпадыңыздар. Бәріңіз елдік мәселені қозғап отырсыздар. Ұсыныстар міндетті түрде хаттамаға енгізіліп, орындалады. Біз осы бірлігімізбен Тәуелсіздік мерекесінің отыз жылдығын жақсылап қарсы алуымыз керек. Елбасының Түркістан облысын құру туралы Жарлығы шын мәнінде тарихи шешім болды. Түркістанымыз адам танымастай ажарланып, өзгере түсті. Біз Түркістанда ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Шаһардың су мәселесінің шешімін таптық. Каналдар жөнделіп, су қоймалар салынып жатыр. Түркістанның халықаралық деңгейдегі ірі қала болатынына көзім жетеді. Облыс орталығы сіздерге жақындай түсті. Қазір Созақты шалғай аудан дей алмаймыз. Жолдар жөнделіп, инфрақұрылым жақсарып жатыр», - деді өңір басшысы.


Созақтық ардагерлер ел бірлігін сақтау, азық-түлік бағасын тұрақтандыру және өзге де қоғамдық құбылыстар туралы пікірлерін айтып, ауданды дамыту бағытындағы жұмыстарға белсене атсалысатындарын жеткізді.