Қардан тазалауға арналған техникалар толығымен тексеруден өткен.
Төлеби ауданының техникалары қыс мезгіліне дайын, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Таулы аймақта орналасқан Төлеби ауданындағы «Жарық-жол» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің техникасы алдағы маусымға толықтай дайын. Бұл жөнінде мекеме басшысы Асқар Тұртаев әкімдік жиынында мәлім етті. Бүгінде аудан аумағындағы автокөлік және жаяу жүргіншілерге арналған жолдарды қардан тазалауға арналған техникалар толығымен тексеруден өткен.
Мекеме аудан көлемінде қардан тазалау және тұз аралас құм шашу жұмыстары жүргізілетін мекемеге қарасты жалпы жолдардың ұзындығы – 144,05 шақырым. Қазіргі таңда қорда бар 436 куб (текше) метр құм мен 60 тонна тұз биылғы қыстан қиындықсыз шығуға жеткілікті деп жоспарлануда.
Аудан аумағындағы автомобиль жолдарына қыс мезгілінде күтім жүргізу жұмыстары үшін 6 бірлік қар тазалау техникасы ұсынылып отыр. Атап айтсақ, олар: 2 бірлік қар күрейтін және құм аралас тұз себетін арнайы техника, 3 бірлік тиегіш және 1 бірлік автогрейдер.
Қыс кезінде көшелерде тазалық жұмыстарын қамтамасыз етуге қоғамдық жұмысшылар жұмылдырылады. Бұл жұмысшылар аудан аумағында орналасқан аялдама және басқада қоғамдық орындарда тазалық жұмыстарын жүргізетін болады. Жинақталған қар көлемі қала сыртындағы бос жер телімдеріне және ТҚҚ жинақтауға арналған полигонға шығарылады.