Түркістан туралы әлемдік деңгейдегі фильм түсіріледі

0
794

Туындының бөліктері Түркістан мен Қарнақта түсіріледі.


Түркістан туралы әлемдік деңгейдегі фильм түсіріледі

Дархан Сатыбалды кинорежиссер Сергей Дворцевоймен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Ресейлік режиссер Түркістан туралы әлемдік деңгейдегі фильм түсірмек. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды оңтүстіктің тумасы, атақты режиссер Сергей Дворцевоймен кездесті. Ол шын оқиғаларға негізделген шытырман драма жанрындағы тарихи кинотуындыға шетел әртістері мен Қазақстанның кино жұлдыздарын қатыстырмақ. Фильм сценариі әзірге құпия. Дегенмен тарихи тұлғалардың біразы фильмнен көрініс таппақ. Туындының бөліктері Түркістан мен Қарнақта түсіріледі.


Канн кинофестивалінде «Үздік әйел рөлі» номинациясының жеңімпазы атанған қазақстандық актриса Самал Еслямова түскен «Айка» фильмінің режиссері кездесуде алдағы жоспарларымен бөлісті.


«Бұл өте үлкен жұмыс болмақ. Әлемнің бірнеше елінің өкілдері бас қосқан мега жобаға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған кино жұлдыздары түседі. Кастинг Қазақстанда да өтеді. Өзім осы оңтүстікте туып өскен соң бұл тақырып мен үшін аса маңызды, жаныма жақын. Соңғы сегіз айдан бері тарихи фактілерді ақтарып, иран, қытай тілдерінде жазылған дүниелермен танысып жүрмін. Шабыт алдым. Соны жинақтап, әлемді таң қалдыратын дүние шығаруға дайынмын. Бұл деңгейі мен сапасы бөлек, 2-3 жылда мұрағатқа кететін емес, жылдар бойы сақталатын өшпес туынды болмақ», – деді Сергей Дворцевой.


Кинорежиссер алдағы уақытта Қазақстанның кинематография саласының дамуы жолында аянбай еңбек ететінін сеніммен жеткізді. Өнер туындысының жарыққа шығуына еліміздің ғана емес, еуропалық қорлардың қатысатынын атап өтті.


Өңір басшысы еліміздің кинематография саласын дамытуға үлесін қосып жүрген және оның әлемдік деңгейде танымал болуына қосқан үлесі үшін кинорежиссер Сергей Дворцевойға шынайы алғысын білдірді. Тарихты дәріптейтін бастамасына қолдау көрсетілетінін жеткізді. Сондай-ақ еңбек жолындағы жоспарларына сәттілік тіледі.