Екі жақтамалы өткелдің бүгінгі таңда оң жақ өткелінің 580 метрі жасалынып, 260 метрі қалып тұр.
Түлкібас ауданының әкімі Н.Байғұт әзірбайжандық «Эвраскон» мекемесі іске асырып жатқан аудан орталығындағы жол кеңейту жұмысының сапасын тексерді, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.⠀
Түлкібас ауданында «Алматы-Термес» А2 республикалық маңызы бар жолдың аудан орталығы Т.Рысқұловтан өтетін 613-620 шақырырымын (7 шқ) кеңейту бойынша жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл жерде жолдың екі жақ беті орта есеппен 1,5-3 метрге кеңейтіліп, науа(лоток) мен жиек тас(бардюр) орнатылады.
Сондай-ақ, аудан басшысы «Батыс Европа-Батыс Қытай» автодәлізінен аудан орталығы бағытындағы (Шұқырбұлақ развязка) жол торабына табан тіреді. Бұл жерде аудан басшысы жол құрылысына жауапты мердігер мекеменің өкіліне жол құрылыс барысында кеткен кемшілік тұстарын көрсетіп, оларды ретке келтіру бойынша және қыс мезгілінде бораннан жабылу қауіпі бар жол бойларына қар бөгеттерін қоюды тапсырды.
Сонымен қатар, жол сапасын тексеру барысында Нұрлан Мархабатұлы «Эвраскон» мекемесінің өкілімен Түркістан облысы мен Жамбыл облысы шекарасындағы жер асты өткелінің жобасын егжей-тегжейлі талқылады.
Екі жақтамалы өткелдің бүгінгі таңда оң жақ өткелінің 580 метрі жасалынып, 260 метрі қалып тұр. Ал, сол жақ өткелінің 18 метрі ғана аяқталмаған. Сол жақ өткелінде кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Келісім шарт бойынша нысанның құрылыс жұмыстары 2020 жылдың шілде айында аяқталып, пайдалануға берілу керек болатын. Алайда, бүгінгі таңда елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты аталмыш мекемені қаржыландырып отырған екінші деңгейлі банктер тарапынан кедергілер туындауына орай жұмысы біршама уақыт тоқтап, қазір қайта жанданып жатыр.