Қойманың заманауи мұздатқышы болады.
Түлкібас ауданында жеміс-жидек сақтайтын қойма салынады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түлкібас ауданындағы халық саны 8 мыңнан асатын Мичурин ауылдық округі өзінің бау-бақшасымен ерекшеленетін округтердің бірі. Биылғы жылы аталған ауылдық округте жеміс-жидекті сақтауға арналған заманауи мұздатқышы бар қойма құрылысы «Мөлдір» ЖШС тарапынан жүзеге асады деп күтілуде. Нәтижесіне қосымша 10 адамға тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Бұдан бөлек биылғы жылы округ аумағында 60-қа жуық жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланып отыр. Бұл жайында бүгін аудан әкімі Нұрлан Байғұт округ тұрғындары алдындағы есебінде баяндады.
Есептік жиында аудан әкімі атқарылған жұмыстарға тоқталып, халық өтініштерінің негізінде алдығы уақытта атқарылатын межелерді қамтып өтті.
Кездесу регламентіне сәйкес жиынның басым бөлігі сұрақ-жауап форматында өтіп, ауыл тұрғындары ой-пікірлері мен ұсыныстарын аудан әкіміне жеткізді. Кездесуді қорытындылаған аудан басшысы айтылған өтініш-ұсыныстарға Заң аясында жауап беріп, тиісті жұмыстар жүргізілетіндігін жеткізді.
Кездесу соңында Нұрлан Мархабатұлы Мемлекет басшысының 2022 жылдың 5 мамырындағы Жарлығына сәйкес халық игілігі үшін Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша ағымдағы жылдың 5 маусымында өтетін референдумға белсенді қатысуға шақырды.
Жиыннан соң аудан басшысы жекелеген мәселелерімен тұрғындарды қабылдап, өтініштерін тыңдады. Көтерілген мәселелер бойынша тиісті бөлімдерге Заң аясында тапсырмалар жүктеп, орындалуын өз бақылауында ұстайтындығын атап өтті.
Бүгінде округ аумағында өзекті мәселенің бірі елді-мекен тұрғындарының мал жаятын жайылымдардың аздығы. Бүгінде Мичурин ауылдық округінде 1053 га жайылымдық жер бар. Бұл өз кезегінде мал шаруашылығымен шұғылданып отырған жандарға аздық етеді. Аталған мәселені шешу мақсатныда 2022 жылы ортақ жайылымға 1500 га жерді қайтару жоспарлануда. Бұдан бөлек ағымдағы жылы 400 гектардан астам жердің иелерімен келісу арқылы ортақ жайылымға беру мәселесі бойынша тиісті бөлім тарапынан жұмыстар атқарылуда.
2020 жылдың қорытындысымен Миурин ауылдық округі тұрғындарының өтініштері бойынша Майтөбе ауылының ауыз су жүйесін ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бүгінгі таңда Астана көшесін жарықтандыру жұмыстары іске асуда. Ағымдағы жылы Көксағыз ауылы, Бірлік көшесіне жарықтандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.