ТҮРКІСТАН: Жетісайда 100-ден астам көше жөнделіп жатыр

0
645

Автомобиль жолдары талапқа сай жаңартылып жатыр.


ТҮРКІСТАН: Жетісайда 100-ден астам көше жөнделіп жатыр

Жетісайда жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы Шөкеевтің аудандарды дамыту мақсатында қолға алған ауқымды бағдарламаларын тиісті деңгейде жүзеге асыру мақсатында Жетісай ауданында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Күн санап ілгерілеген аудан экономикасымен қатар аудан аумағындағы автомобиль жолдары да талапқа сай жаңартылып жатыр.


Бүгінгі таңда Жетісай ауданының көлік жолдарының жалпы ұзындығы 365,3 шақырымды құраса, оның 43,6 шақырымы – республикалық, 210,4 шақырымы – облыстық, ал, 111,3 шақырымы – аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына жатады. Одан бөлек 1200 көшеден тұратын жалпы ұзындығы 900 шақырымдық ішкі көшелері бар. Оның 661,1 шақырымы асфальтты, 227 шақырымы шағал тасты, 11 шақырымы топырақты жолдар.


2021 жылы аудандағы жалпы ұзындығы 91,9 шақырымды құрайтын 122 ішкі көшенің орта жөндеу жұмыстарына облыстық және жергілікті бюджеттерден 1 млрд. 632 млн. теңге бөлініп, бүгінгі таңда 566 млн. теңгеге жалпы ұзындығы 32,8 шақырымды құрайтын 38 көшеге орта жөндеу жұмыстары жүргізілуде.


Сонымен қатар, «Ауыл – Ел Бесігі» бағдарламасы аясында Асықата кенті және Қазыбек би, Өркенді, Достық, Баққоныс, Байқоныс, Алтын кемер елді мекендері бойынша жалпы ұзындығы 59,1 шақырымды құрайтын 84 көшеге орта жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Жоспар аясында 18,1 шақырымды құрайтын 25 көшеде жұмыстар толығымен аяқталған.


Тұрғындардың қауіпсіздігі мен жүріп-тұруларына қолайлы жағдай жасау мақсатында аудан әкімі Мұрат Болатұлының тапсырмасы аясында 13,2 шақырымды құрайтын 24 көшеге ағымдағы (тас төсеу) жөндеу жұмыстары аяқталса, жалпы ұзындығы 5,6 шақырымды құрайтын 6 көшеге аяқ жол салу жұмыстары жүргізілуде.


«Жол – әрбір адамның күре тамыры. Аудан тұрғындары мен қонақтарын сапалы, қауіпсіз жолдармен, инфрақұрылымдармен қамтамамыз ету – біздің басты мақсатымыз. Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес бірінші кезекте аса қажетті деген республикалық, облыстық, аудандық және ішкі жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ауданның барлық көшелері рет-ретімен алдағы уақытта жоспарға сай жүргізілетін болады», - дейді Жетісай аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұркен Әлмеш.


Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен бөлінген 26,5 млн. теңгеге Асықата кентіндегі Әл-Фараби мен Қазыбек би, республикалық маңызы бар А-15 автомобиль жолының Ынтымақ елді мекеніне қарасты Көрікті және облыстық маңызы бар КХ-75 автомобиль жолының Абай ауылдық округінің Халықтар достығы елді мекені көшелерінің қиылыстарынабағдаршамдар орнатылып, 11,2 шақырымды құрайтын көшелерінде қарама-қарсы бағытты айқындайтын жол сызбалары мен 27 жерге жаяу жүргінші өткелдері таңбаланған. Талапқа сай 13 жасанды жол кедергілері мен 62 жол белгілері орнатылған. Атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бері орын алған жол-көлік оқиғалары өткен жылдың тиісті мерземімен салыстырғанда 52,2%-ға төмендеген.