ТҮРКІСТАН: Жетісайда мақташылардың мәселелері талқыланды

0
1 086

Шаруалар тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылды.


ТҮРКІСТАН: Жетісайда мақташылардың мәселелері талқыланды

Жетісай ауданында мақташылардың мәселесі қаралды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жетісай ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында мақташылардың мәселесі қаралды. Жиынға Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі Қайнар Аббасов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Оспанов, Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов, және аудандағы бірқатар шаруалар мен зауыт өкілдері қатысты.


Кездесуде жылына 300 мың тоннадан астам мақта өндіруге қауқарлы Түркістан облысының 25 мың шаруасына тиімді мақта саласын дамыту, терең өңдеу бағытында мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру, стратегиялық маңызға ие мақта шаруашылығын одан әрі дамытуға инвестициялық субсидиялау бағдарламасымен мемлекеттік қолдау көрсету шараларын кеңейту мәселелері тереңінен талқыланды.


Сонымен қатар, жиында шаруалар тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылды. Атап айтар болсақ, мақта кластерін дамыту, өнім сапасын арттыруға қатысты сұрақтар қойылып, тиісті мамандар жауап берді. Айтылған мәселелер басшылық тарапынан бақылауға алынды.


Жиын барысында жұмысшы топ өкілдері, айтылған ұсыныстар аясында, шитті мақтаның бағасы ұсыныс пен сұранысқа байланысты белгіленетіні, мақтаны сатып алушы трейдер компаниялардың өткен жылғы мақтаны әлі де толықтай сата алмауына байланысты түсіндірме жұмыстарын жүргізді.


Сондай-ақ жауапты мамандар тарапынан іс бақылауға алынып, тиісті жұмыстар атқарылады деп күтілуде.