​ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА 150 ОРЫНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

0
113

Республика күні қарсаңында Жетісай ауданының Жылы су ауылдық округінде жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді.


​ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА 150 ОРЫНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

ERNUR.KZ. Өткен жылы қазығы қағылған мәдениет үйі заманауи үлгіде бой көтеріп, 150 орындық көрермен залымен, 18 оқырманға арналған кітапханасымен және 10 мың кітап қорымен қамтылған. Кез келген деңгейдегі мәдени іс-шараларды өткізуге арналған музыкалық аппаратуралар, LED экранмен жабдықталған. Үлкен тенниске арналған заманауи корд бар. 5 мыңға жуық тұрғыны бар ауылдық мәдениет үйінде 6 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.


Салтанатты іс-шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Серік Мамытов тұрғындарды мерекемен құттықтады.

“ Біз ауданымыздың мәдениеті мен спортын дамыту ісін ешуақытта назардан тыс қалдырмаймыз. Өйткені ұрпағымыздың саламатты Қазақстанда, мәдениетті ортада өсуі, ата-бабамыздың сан ғасырлардан бері ұрпақтан ұрпаққа аманат етіп қалдырған құндылықтарын қастерлеу – бүгінгі біздің бұл салаға қалай көңіл бөліп, қамқорлық жасауымызға тікелей байланысты “, деді аудан басшысы.

Айта кетейік, соңғы 4 жылда аудан әкімінің тікелей бастамасымен Қ.Сәтпаев, Мырзашөл, Атақоныс және Қазыбек би ауылдық мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өтсе, Жетісай қаласын ұлғайтуға бөлінген 80 га аумақта заманауи кітапхана мен музей, мәдениет сарайы құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленді.

Асықата кенті мен Арай ауылдық мәдениет үйлеріне жергілікті қазынадан қаралған қаржы есебінен тиісті құжаттар жасалуда.