Түркістанда «АRT Тurkistan» өнер фестивалі қорытындыланды

0
721

10 күн бойы Түркістан тарихы туралы үлкен көлемді сурет салып, музей қорына табыстады.


Түркістанда «АRT Тurkistan» өнер фестивалі қорытындыланды

Халықаралық сарапшылар қатысқан «АRT Тurkistan» өнер фестивалі қорытындыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Киелі шаһарда облыстың 5 жылдығына орай ұйымдастырылған «ART Түркістан» Халықаралық өнер фестивалінің қорытынды отырысы өтті. «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының көрме залында фестиваль аясында өткен «Түркістан – түркілердің тұмары!» суретшілер симпозиумында жазылған шығармаларынан және музей қорындағы сараптамадан өткен туындылардан көрме жасақталды.


Шараға Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Әділ Қонысбеков, шетел сарапшылары мен ел зиялылары, қылқалам шеберлері, еліміздегі және облыстағы музей басшылары мен қызметкерлері қатысты. Басқарма басшысының орынбасары Әділ Нұржанұлы шараны ашып беріп, жүргізіп отырды.


«ART Түркістан» халықаралық өнер фестивалінің өнертанушы сарапшылары қатарында Әзербайжан Республикасы Мәдениет министрлігі жанындағы Музей құндылықтары мен бірегей жәдігерлерді ғылыми реставрациялау орталығының директоры Зарифа Маликова, Қырғызстан халық суретшісі, академик, профессор Юристанбек Шыгаев, Қарақалпақстандағы И.В.Савицкий атындағы бейнелеу өнері музейінің «Бейнелеу өнері» бөлімінің меңгерушісі Ирина Петрушина, А.С.Пушкин атындағы Мемлекеттік Бейнелеу өнері музейінің «қалыпқа келтіру» бөлімінің меңгерушісі, РФ Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, РФ Мәдениет министірлігінің қалыпқа келтіруші аттестаттау мүшесі Игорь Бородин, А.С.Пушкин атындағы Мемлекеттік бейнелеу өнері музейінің станокты майлы кескіндемені қалыпқа келтіруші суретшісі Николай Колесников, Ресей өнер академиясының корреспондент мүшесі, Мемлекетаралық «Содружество» журналының бас редакторы Андрей Блиок, Анкара мемлекеттік халық өнері хорының директоры Айшегюль Чалышкан, ҚР Мәдениет саласының үздігі, суретші, өнертанушы Динара Нүгер, Өнертану ғылымдарының кандидаты, профессор, суретші Жанарбек Берістен бар. Олар бес күн бойы суретшілерді бақылаумен қатар, музей қорындағы көне жәдігерлерге сараптама жұмысын жасады.


Сондай-ақ фестивальге еліміздің өзге де облыстарынан келген музей басшылары да – Ш.Сариев атындағы Атырау облыстық Өнер музейінің директоры Төлеген Орынбасарұлы, Шығыс Қазақстан өнер музейінің экспозициялық көрме бөлімінің меңгерушісі Есенбол Нахдубай, Ақтөбе облыстық өнер музейінің директоры Марат Габдрахманов, Қарағанды облыстық бейнелеу өнерінің басшысы Бибігүл Құдабаева, Н.Нағымбек атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейі директоры Ақертіс Солтанбаев сынды тұлғалар баяндама жасап, алда тұрған бірқатар міндеттерді талқылады.


Шара барысында суретшілер симпозиумының қатысушылары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері марапатталды. Олар 10 күн бойы Түркістан тарихы туралы үлкен көлемді сурет салып, музей қорына табыстады.