Түркістанда бау-бақшалы саябақ пайда болады

0
873

Саябақ жұмысына бау баптаған бағбандар арнайы шақырылады.


Түркістанда бау-бақшалы саябақ пайда болады

Шежірелі шаһарда бау-бақшаға бөленген ерекше саябақ бой көтереді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жаңа жоба бойынша Түркістан қаласының іргесінде орналасатын жасыл аумақта жеміс ағаштары мен жүздеген өсімдік түрлері өсіріліп, шағын көлінде аққу, қаздар жүзіп жүреді. Түркістандықтар мен киелі мекенге саяхат жасайтын меймандарға арналған демалыс орны 28 гектар алқапты алып жатыр. Саябақ жұмысына бау баптаған бағбандар арнайы шақырылады.

Түркістан қаласында қазаны қайнаған құрылыс алаңдарында барлық жұмыстар жоспар бойынша жүріп жатыр. Төтенше жағдай ережелері қатаң ұстанып, санитарлық талаптар күшейтілген. Жыл соңына дейін 15 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға тапсыру көзделген. Сонымен қатар, Мемлекеттік бюджет есебінен Түркістанда Облыстық құрылыс басқармасының тапсырыс беруімен 126 нысан құрылысы жүргізілуде.

Атап айтсақ, жыл соңына дейін 900 орындық мектеп пен басқармалар мен департаменттер ғимаратының құрылысы аяқталады. «Тұңғыш Президент саябағы», «Желілік саябақ», «Арбат», «Бульвар», «Конгресс орталығы», «Нұр-Сұлтан алаңы», оқушылар сарайы, цифрлық кеңсе, бассейні бар үлкен спорт кешені, смарт сити байланыс желілері, қалалық саябақ, «Драма театр», ғаламат кітапхана секілді бірнеше сәулет жауһары ел игіліне беріледі. Жеке салымшылар тарапынан бой көтерген «Керуен - Сарай» кешені, үш бес жұлдыздық қонақ үй және ең үлкен мешіт жыл соңына дейін есігін айқара ашады. Барлық құрылыс нысандарында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында жол, су, газ, жылу, кәріз, электр желілері құрылысы жүргізілуде. Жалпы Түркістан облысының құрылыс басқармасы тапсырыс беруші және бағдарлама әкімшісі болып табылатын нысандарға 4000 астам жұмысшылар жұмылдырылған.