Түркістанда инновациялық жобалар байқауы өтті

0
595

42 адам өтінім беріп, келесі кезеңіне 20 жоба қабылданды.


Түркістанда инновациялық жобалар байқауы өтті

Түркістанда «BEST STARTUP» үздік инновациялық жобалар байқауы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласындағы «Ұлы дала елі» орталығында облыстық «BEST STARTUP» үздік инновациялық жобалар байқауы өтті. Бағдарламаға қатысу үшін жалпы 42 адам өтінім беріп, келесі кезеңіне 20 жоба қабылданды. Байқауға Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Ернар Нұралұлы, Түркістан қаласы «DOSTI Туркестан» ТОО директоры Нұржан Шаяхметұлы, Түркістан облысы «Атамекен» ҰҚП бөлім басшысы Әзірет Талғатұлы төрелік етті.


Сайыс нәтижесіне сәйкес І орынды Жандар Тұңғышбай (Литофания технологиясын пайдалана отырып 3Д принтермен Түркістан тарихи орындарды қайта бейнелеп басып шығару), ІІ орынды Манапов Дауд («DAUD» инновациялық балалар шаштаразы), ІІІ орынды Мұхтарұлы Абылай (Жасанды интеллекті микроанықтағыш) иеленді. Жеңімпаздарға 500 000 теңге, 300 000 теңге, 200 000 теңге, сонымен қатар қатысқан барлық қатысушыға 50 000 теңге ынталандыру сыйлығы мен алғыс хаттар берілді.


«Көп адамдармен танысып, жаңа жобалар туралы ақпарат алдым. Қазір елімізде робототехника қарқынды дамуда және техникалық үйірмелер, мамандықтар ашылып жатыр. Бүгін, Литофания технологиясын пайдалана отырып 3Д принтермен Түркістан тарихи орындарды қайта бейнелеп басып шығару жиынтығын әзірлеп әкелдім. Осы жиынтық арқылы өз қаламның туризм саласын дамытамын деген сенімдемін» – деді І орын иегері Жандар Тұңғышбай.


Айта кетейік, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өткен байқаудың мақсаты еліміздің экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ететін үздік жобалар мен технологияларды анықтау және ғылыми-инновациялық қызметке қызықтыру арқылы жастардың шығармашылық қабілеттерін арттыру, Отандық инновациялық жобаларды іске асыруда көмектесу, олардың коммерцияландыруына және ұлттық кәсіпорындарда енгізуге көмектесу болып саналады.