Түркістанда құқықбұзушылық деңгейі 23,4 пайызға азайды

0
1 389

Тергеушілердің өндірісінде 1146 қылмыстық іс болған.


Түркістанда құқықбұзушылық деңгейі 23,4 пайызға азайды

Түркістан қаласында құқық бұзушылық деңгейі төмендеген, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан қалалық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Бауыржан Селтанов 9 айлық көрсеткіш бойынша есеп берді. Қала әкімінің орынбасары Тәжібек Мұсаевтың қатысуымен өткен жиын барлық сақтық шараларына сай, онлайн режимде тұрғындармен байланыс орнатылып ұйымдастырылды.

Биылғы жылы қылмыстық құқық бұзушылықтардың деңгейі 2019 жылдың 9 айымен салыстырғанда 992-ден 760-қа, яғни 23,4 пайызға азайған. Оның ішінде қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар былтырғы жылмен салыстырғанда 435-тен биылғы жылғы 250-ге, көшелерде жасалған қылмыстар 222-ден 141-ге , бұрын сотты болған адамдардың жасаған қылмыстары 149-дан 77-ге, адамдардың топтасып жасау қылмыстары 133-тен 54-ке, кәмелетке жасы толмағандардың не олардың қатысуларымен жасалған қылмыстардың саны 20-дан биылғы 16-ға төмендеген.

Жалпы, қала көлемінде орын алған қылмыстар 2020 жылдың 9 ай қорытындысымен тергеу бөлімінің тергеушілерінің өндірісінде 1146 қылмыстық іс болған, оның 40-ы өткен жылы қарастырылса, қалған 1106 қылмыстық іс осы жылы тергеу бөлімімен қолға алынған. Сонымен қатар, 572 карантиндік режимді бұзу фактілері анықталып, ҚР Әкімшілік кодексінің 425 бабына сай тиісті шаралар жүргізілген.

Есеп беруде бірнеше қала тұрғындары өз ұсыныстары мен толғандырған сауалдарын қойып, тікелей эфирде жауап алды. Атап айтқанда, қазіргі пандемия жағдайында базар аумағында сауда жасау жөнінде қойылған сауалдарға, сақтық шараларының сақталып, заң аясында жұмыс жасау керектігі түсіндірілді.

Т.Қалманұлы өз сөзінде шаһарды қауіпсіз қалаға айналдыру үшін тұрғындармен біріге жұмыс жасауға шақырды.