Биылғы мектеп бітіру күні ерекше тәртіппен өтуде.
Бүгін Түркістандағы білім ошақтарында "Birgemiz: ТҮЛЕК 2020" соңғы қоңырау салтанатты шарасы бастау алды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.⠀
Алдымен №19 жалпы орта мектебіне барған Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мұрат Базарқұлов түлектерді мектеп бітірулерімен құттықтап, үлкен өмірге қадам басудағы қадамдарына ақ жол тіледі.
Атап айтсақ, биылғы мектеп бітіру күні еліміздегі жағдайға байланысты ерекше өтуде. Салтанатты жиында сақтық шаралары қатаң сақталған, яғни кіре берісте температураны өлшеп, қатысушы оқушылар, ата-аналар мен ұстаздарға медициналық бетперде мен қолғап үлестірілген. Оған қоса, әр сынып соңғы қоңырауды жеке-жеке өткізеді. Сол аралықта бір сағат уақыт залалсыздандыру жұмыстарын жасауға бөлінген.
Айта кетейік, жоспар бойынша рухани астанадағы соңғы қоңырау іс-шаралары 3-4 маусым күндері өтеді, яғни ертең де жалғасатын болады. Аталған кешке тек оқушылар, ата-ана мен мұғалімдер қатысады.
Жалпы, Түркістан қаласы бойынша биыл 1507 түлек мектеп бітірсе, соның 1150-і ҰБТ-ға қатысады. "Алтын белгіге" 116, "Үздік аттестатқа" 46 оқушы ие болған. Ал, мерекелік кештен соң, түлектер ағаш отырғызып, өздерінен кіші сыныптарға өнеге көрсетіп жатыр.