Бөлшек сауда, көтерме сауда және зауыттардың өнімдерін тікелей сататын көтерме сауда сынды үш бөліктен тұрады.
Түркістан қаласында «Гранд Базар Яссы» нысаны іске қосылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласының экономикасында қыркүйектің басында ел игілігіне берілгелі отырған Гранд Базар Яссының маңызы ерекше болмақ. Жалпы аумағы 14 гектарды құрайтын нысанда 3 мыңға жуық сауда орны болса, оның 1,5 мыңы киім-кешекке, 900 орын азық-түлік саудасына арналған. Сонымен қатар, тұрғындарға алтын сататын павильон да қызмет көрсетпек.
«Бүгінгі таңда базардағы сауда орындарының сексен пайызының иесі бар. Әлі де келіп, өтініш берушілердің қарасы қалың. Тек Түркістан жұртшылығы ғана емес, базарға еліміздің бірқатар өңірлерінен қызығушылық танытып жатқандар да көп», - дейді Гранд Базар Яссы сауда кешенінің бас менеджері Мұратжан Садиков.
Атап өтсек, базар бөлшек сауда, көтерме сауда және зауыттардың өнімдерін тікелей сататын көтерме сауда сынды үш бөліктен тұрады. Зауыт өнімдерін мекеме өкілдері өздері сатады. Базардағы бутиктер көлемі 25 шаршы метрден 150 шаршы метрге дейін.
Гранд Базар Яссы сауда кешенінің екі гектар жерін алып жатқан экобазарда қазір әр жұма күні азық-түлік, көкөніс төмендетілген бағамен сатылуда. Аудандардан келген ауыл шаруашылығы өнімдерін қала жұртшылығы қызығушылықпен сатып алуда. Экобазарда болашақта мыңнан астам орынға лайықталған жайма базар болады деп жоспарланған.