Түркістандағы 5 адамның өлімі – күдікті тұрғын қолға түсті

0
2 739

Ол газ орнату фирмасының директоры.


Түркістандағы 5 адамның өлімі – күдікті тұрғын қолға түсті

Газдан уланған 5 адамның қаза болуына күдікті ретінде Түркістан қаласының тұрғыны ұсталды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы ПД тергеу басқармасының өндірісінде Түркістан қаласының жергілікті тұрғын үйлерінің бірінде улы газбен уланып, қаза болған 5 адамның ісіне байланысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жайт Түркістан қалалық полиция басқармасында СДТБТ-ға ҚР ҚК-нің 292-бабы 3-бөлігі "Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" бойынша тіркелген.

Полиция қызметкерлері орын алған оқиғаның күрделілігіне байланысты жедел-тергеу шараларын атқарды. Сараптамалар тағайындалып, куәгерлерден жауаптар алынып, қажетті деген барлық жұмыстар жүргізілді.

«Улы газдан бір отбасының бес бірдей мүшесі қаза болып, біздің облыста үлкен резонанс тудырды. Түркістан облысы Тергеу басқармасымен аталған жайтқа байланысты ҚР ҚК-нің 306-бабы "қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтерді көрсету" бойынша сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жүргізілуде. Бүгінгі таңда бұл қылмысты жасады деген күдіктілердің бірі Түркістан қаласының тұрғыны ұсталды. Ол газ орнату фирмаларының бірінде директор. Тиянақты жүргізілген тергеу жұмыстарының аясында оның іске қатысы бар екені дәлелденді. Біз күдіктілер санының артуын жоққа шығармаймыз. Сондықтан тергеу жалғасады», - деп атап өтті ТО Полиция департаменті Тергеу басқармасының бастығы Нұрмахан Жалғасов.

Еске сала кетейік, ақпан айының соңында Түркістан қаласындағы жер үйлердің бірінде бес адам, яғни әйел мен оның төрт баласы қаза тапқан еді. Қазаның себебі – улы газдан улану. Оқиға орнына Түркістан облысы Полиция департаменті бастығы, ТЖД бастығы, әкімдік және басқа да қызмет өкілдері барған еді. Тергеу барысы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің жеке бақылауында.