Түркістандағы үш қонақүй алғаш рет марапатқа ие болды

0
592

Іс-шараға 19 мемлекеттің туристік бизнес өкілдері қатысты.


Түркістандағы үш қонақүй алғаш рет марапатқа ие болды

Түркістандық үш қонақүй халықаралық көрмеде алғаш рет марапатқа ие болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Алматы қаласындағы кәсіби «Атакент» көрме кешенінде KITF «Туризм және саяхат» 21-ші Қазақстандық халықаралық көрмесінің ашылу салтанаты өтті. 3 күнге созылатын шараға 19 мемлекеттің туристік бизнес өкілдері қатысуда.


Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін көрмені ұйымдастырудағы басты мақсат – мемлекеттер арасындағы халықаралық туризмды дамыту. Шара барысында жаһанның сан тарапынан келген бизнес өкілдері мен Қазақстанның өзге де облыстары павильондарын өз аймағының ерекшелігін көрсететін түрлі тағамдар мен заттарға толтырған.


KITF Қазақстандық халықаралық көрмесі елімізде 2001 жылдан бері өткізіліп келеді. Экспозиция туризм бойынша Орта Азиядағы ең ірі кәсіби алаң және елдегі туризм саласының басты оқиғасы болып табылады. Көрме индустриясының сарапшылар тарапынан KITF көрмесіне, B2B алаңының халықаралық стандарттарына сәйкестігі үшін UFI, яғни Дүниежүзілік көрме индустриясының қауымдастығы сапа таңбасы берілген.


Аталған сапа таңбасына өткен жылы өтініш беріп, жыл соңында сарапшылар тарапынан Қазақстан бойынша алғаш рет облыстың үш қонақ үйі – SilkWay Boutique Hotel, Hampton by Hilton, Ramada by Whyndham таңдап алынды. Марапаттау рәсіміне облыстық мәдениет және туризм басқармасының бөлім басшысы Нұрдәулет Медеуов қатысты.


Айта кетсек, KITF экспозицияларының жыл сайынғы оң динамикасы туристік қызмет нарығының көрсеткіші болып табылады. Көрменің 19 жылдығында көрмеге әлемнің 63 елінен компаниялар және ұйымдар қатысқан болатын. Дәл осы жерде, халықаралық және жергілікті компаниялар нарықтың қажеттілігін және тұтынушының қызығушылығын бағалайды, бәсекелестік ортаны зерттейді, табысты арттырудың жаңа жұмыс істейтін құралдарын табады, одан арғы жұмыс стратегиясын түзейді.