6 алтын және 1 қола медальді иеленді.
Түркістан облысының аударыспақ шеберлері республикалық жарыста 6 алтын медаль еншіледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Алматы облысы, Қарасай ауданында аударыспақтан жəне көкпардан жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті. Додаға еліміздің барлық өңірінен спортшылар қатысты. Аударыспақ спорты бойынша балуандар жеті салмақта мықтыларды анықтады. Бұл бәсекеде түркістандық балуандар 6 алтын және 1 қола медальді иеленіп, командалық есепте бірінші орынды жеңіп алды.
Түркістан облысы құрамасы сапында жеңімпаздар қатарында 42 келіде күш сынасқан Диас Өткелбай мен 48 келіде бақ сынған Нұрсұлтан Тұрсынхан алтын медаль иеленді. Сонымен бірге 54 келіде – Нұрасыл Оспан, 59 келіде – Байғали Аубек, 65 келіде Бекзат Айтбай да жеңістің ең биік тұғырынан көрінді. 69 келіде Сайлау Мұхаммеджан бағы жанып, жеңімпаз атанса, +69 келіде Қонай Жармұхамед қола медальді місе тұтты.
Сондай-ақ, көкпаршылар арасындағы бәсеке де тартысқа толы болды. Бұл жолы Алматы облысының көкпаршыларының бағы жанып, ел чемпионы атанды. Тартысты өткен додада Шымкент қаласының құрамасы екінші орынды иеленсе, Түркістан облысының жасөспірімдер командасы үшінші орынды еншіледі.
Түркістан облысының ұлттық спорт түрлері мектебінің директоры Ғани Ахметбаев шәкірттерінің жетістігін жоғары бағалап, алдағы ірі жарыстарда топ жаратынына сенім білдірді.