Түркістандық батыр ана отбасымен сыйға берілген үйіне келіп қоныстанды

0
2 711

Елбасымен жүздескен 7 баланы дүниеге әкелген ана өмірге тағы да сәби әкелуді жоспарлап отырғанын жасырмады.


Түркістандық батыр ана отбасымен сыйға берілген үйіне келіп қоныстанды

Түркістандық батыр ана облыс әкімі кілтін табыстаған жаңа үйіне келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.


Түркістан облысы Төлеби ауданының тұрғыны, 7 бала өмірге әкелген ең жас батыр ана Жазира Тұрғынова отбасымен бірге облыс әкімі сыйға тартқан Леңгір қаласындағы 4 бөлмелі жаңа үйіне келді. Сонымен қатар, айтулы істің басына аудан басшылары, жақындары және БАҚ өкілдері келіп, жас отбасының қуанышына ортақтасты.

"Жастар жылының" ашылу салтанатында Елбасының алдында сөз сөйлеп, болашақ аналарды көп балалы болуға шақырған жас ана: "Осындай сый жасап отырған Елбасымызға, Түркістан облысының әкіміне, Төлеби ауданының әкіміне және қуанышымызға ортақтасып жатқан барлық адамдарға алғысымыз шексіз. Өте қуаныштымын, бізге осындай бақыт бұйырғаны балаларымыздың несібесі деп ойлаймын. Өзіміз сияқты жастарға тағы да айтамын, көп балалы ана атанудан қорықпаңыздар! Менің өзім тағы да бала тууды жоспарлап жүрмін" , - дейді қуанышы қойнына сыймай.

Сондай-ақ, балалардың әкесі Олжас Әбілдабеков те сыйдан қалыс қалған жоқ. Нақтырақ айтсақ, баспаналы болған шаңырақтың отағасы алдағы күндері арнайы оқыту курсынан өтіп, жұмысқа орналасады.
Айта кетейік, бұның барлығы Елбасы Н.Назарбаевтың атынан берілген сыйлығы болып отыр.