Түркістандық депутаттар 11 млн теңгеге гуманитарлық көмек көрсетті

0
1 089

Депутаттар эвакуация орындарына жайғасқан тұрғындармен кездесіп, олардың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып шықты.


Түркістандық депутаттар 11 млн теңгеге гуманитарлық көмек көрсетті

Бүгін Түркістан облысының бір топ депутаттары "Nur Otan" партиясының республикалық "Біз біргеміз" акциясы аясында Мақтаарал ауданына жалпы құны 11 млн теңгені құрайтын 11 жүк көлігіне тиелген гуманитарлық көмек әкелді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Оның ішінде азық-түлік, көрпе-төсек, киім кешек, гигиеналық заттар мен 2 тонна балық еті де бар.

Гуманитарлық көмек керуенін Түркістан облыстық мәслихатының фракция жетекшісі Мұрат Төлтебаев бастаған бір топ депутаттар яғни, Шәріпбек Жамалбеков, Мағауия Тұрысбеков, Алмас Салимов, Уалихан Рахиев, Саттар Қуашбай, Мұрат Мейрманов, Нұржан Әширов, Бақытжан Серманиязов, Жаңабай Ағабеков, Әбдіқалық Қасымбай, Даурен Аxметов, Әсет Қайыпбеков те бар.

"Бүгін біздер "Nur Otan" партиясының "Біз біргеміз" акциясы аясында Мақтаарал ауданындағы тасқын судан зардап шеккен тұрғындарға қол ұшын созуды жөн көрдік. Бұл біздің азаматтық парызымыз деп санаймыз. Осындай қиын-қыстау кезеңде әсіресе қасиетті Рамазан айында мақтааралдықтарға қолдау көрсетіп, демеп жіберу сауапты іс саналады. Осыны ескерген Түркістан облыстық мәслихатының бір топ депутаты гуманитарлық көмек көрсетіп, мұндағы елдің бүгінгі жай-күйімен танысу үшін арнайы келіп отыр", - деді халық қалаулысы Шәріпбек Жамалбек.

Көмек керуенін бастап келген депутаттарды күтіп алған Түркістан облыстық "Nur Otan" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев ел ағаларына алғыс білдіріп, бүгінгі таңда штаб қоймасына 270 тоннадан астам азық-түлік жиналғанын айтып өтті.

"Қазіргі таңда штаб қоймасы тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Бүгінде мұнда 270 тоннадан астам азық-түлік тауарлары мен көрпе-төсек, киім кешек, гигиеналық заттар жинақталды. Бұдан бөлек тағы екі қойма әзірлеп, тұрғындарға керекті заттардың бәрі жеткізіліп берілуде. Қабылдап алу мен таратып беру ісі жүйеленіп, тек сұранысқа сай тізім арқылы үлестірілуде", - деді Бейсен Дәулетұлы.

Мұнан соң депутаттар эвакуация орындарына жайғасқан тұрғындармен кездесіп, олардың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып шықты. Сондай-ақ, олар халықтың көкейіндегі сауалдарға жауап беріп, мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек түрлерін жан-жақты баяндап берді.

Айта кетейік, төтенше жағдай жарияланғалы бері штаб қоймасынан мақтааралдық тұрғындарға 90 тоннадан астам азық-түлік пен киім-кешек, жеке бас гигиенасына қажетті тауарлар таратылған.