Түркістандық кәсіпкер ауруханаға тікұшақ қонатын алаң сыйлады

0
1 107

Бұның алдында оннан астам ИВЛ аппаратын сыйлаған.


Түркістандық кәсіпкер ауруханаға тікұшақ қонатын алаң сыйлады

Қанат Мырзахметов "Атакент" ауруханасына тікұшақ қонатын алаң сыйға тартты, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұған дейін Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы "Атакент" аудандық ауруханасындағы ауыр жағдайдағы науқастарды облыстық емханаларға жеткізетін тікұшақтар елді мекен шекарасындағы егістік алқаптарға қонатын еді.

Осы орайда аталған ауданның меценат-кәсіпкері, ерікті патриот Қанат Мырзахметов аурухананың жанындағы өзінің жекеменшік жер теліміне тікұшақ қонатын алаң салып беріп, дәрігерлер мен науқастардың шексіз алғысын алып отыр.

"Науқастың тағдыры үшін әрбір секунд маңызды кезде - егістік алқапқа жетудің өзі бірнеше ондаған минуттарды зая кетіреді. Сондықтан, Қанат Маратұлының бұл сыйлығы - біздің ауыр жағдайдағы науқастар үшін өте маңызды. Бұл кісі бұған дейін де ауруханамызға бірнеше рет демеушілік көрсеткен болатын. Ол үшін аурухана ұжымының атынан алғысымызды білдіреміз!" - дейді "Атакент" аудандық ауруханасының бас дәрігері Ұлжанат Жұрымбетова.

Айта кетейік, Қанат Мырзахметов өзінің қайырымды іс-шараларымен Мақтаарал ауданында көптің алғысын алып жүрген кәсіпкерлердің бірі. Ол пандемиямен күрес кезінде аудандық ауруханаларға жалпы саны 12 ИВЛ аппаратын сыйға тартқан. Сондай-ақ, мамыр айында орын алған су басу апаты кезінде бірнеше адамды өлімнен арашалап қалған болатын.