Түркістандық құсбегілер ел біріншілігінде топ жарды

0
668

«Қолға шақыру», «Кептерге салу», «Қоянға салу» бойынша бәсекеге түсті.


Түркістандық құсбегілер ел біріншілігінде топ жарды

«Құсбегілік» спортынан Атырау облысында ересектер арасында ҚР-ның XVI чемпионат өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


«Құсбегілік» спортынан Атырау облысында ересектер арасында ҚР-ның XVI чемпионат өтті. Екі күнге жоспарланған бағдарламаға сәйкес жарыс алаңына ителгі құстары өнер көрсетіп, құсбегілер «Қолға шақыру», «Далбайға салу», «Қоянға салу» сайыстарынан бақтарын сынады. Қорытынды бойынша Түркістан облысының саңлақтары Ибрагим Базарбаев «Ителгі-Қарагөз» лақап атты құсымен және Бағдат Кеуенов «Ителгі-Тұмар» құсымен өнер көрсетіп қола жүлдеге қол жеткізді.


Сайыстың 2-күнінде қаршыға құстарының бәсекесі өтті. 3 түрлі бағдарламадағы жарыста үміткерлер «Қолға шақыру», «Кептерге салу», «Қоянға салу» бойынша бәсекеге түсті. Бұл сында жарыс жолына Түркістан облысының атынан шыққан Дәурен Аршабай «Тұйғын» құсымен жеңімпаз атанса, Бағдат Кеуенов «Тарлан» құсымен екінші орынды қанжығасына байлады.


Тартысты додада командалық есепте Түркістан облысының құрамасы бірінші орынды жеңіп алса, екінші орынды Астана қаласы иеленді. Ал Ақмола облысының құрамасы үшінші орынды қанағат етті.


Ұлттық спорттың құндылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған құсбегілік спорт түрі соңғы уақытта елімізде қарқынды даму үстінде. Бүгінде бұл спорт түріне қызығушылық танытқан жастардың да саны артқан. Өңір намысын қорғаған спортшылар – Болат Қонаев жетекшілік ететін Түркістан облыстық ұлттық спорт түрлері мектебінің шәкірттері.