Мамыр мен қыркүйек айлары - омарташылардың бал жинайтын кезі.
Төлеби ауданында ара шаруашылығы қарқынды дамып келеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Төлеби ауданы Тасарық ауылдық округінде ара шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Ауданда алмалы-салмалы омартаны пайдалану кеңінен қолданылады. Мамыр мен қыркүйек айлары - омарташылардың бал жинайтын кезі. Ауылда бал жинауды қолған алған шаруалардың бірі Салман Лебиев. Бал өнімдерін дайындауды кәсіп еткен азамат бұл ісін бастау үшін «Бастау бизнес» жобасы арқылы грант ұтып алған. Мемлекеттен алған грант көмегімен бүгінде өз кәсібін дөңгелетіп отыр.
«Ара - өте еңбекқор, тынбай еңбек етіп, өздерінің темірдей тәртібіне бағынады. Ара омартасында олар отбасы болып тіршілік етеді. Әрқайсысы өзінің міндеттерін мүлтіксіз орындайды. Сондай-ақ олар тазалықты жақсы көреді. Сондықтан омартаны үнемі таза ұстау керек. Сапалы бал алу үшін омартаны жақсылап тазалап, жеміс ағаштарының және гүлдердің жанына қоямын. Нәтижесінде күніне 27 жәшіктен 4 келі дейін бал жинаймын. 15 жәшік омартаны үй ауласына қойып, қалған 12-ін тау баурайына алып барып орнаттым. Кәсіппен отбасымызбен айналысамыз», - дейді омарташы С.Лебиев.