Түркістандықтар отбасылық кәсіппен мол табысқа кенеліп отыр

0
875

Дәулетті отбасылар жетерлік.


Түркістандықтар отбасылық кәсіппен мол табысқа кенеліп отыр

Сайрам ауданында отбасылық кәсіпке кіріскендер көп, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы Сайрам ауданы Манкент ауылының тұрғындары ағайынды Хасан, Хусан Расулметовтер 1,70 гектар жер телімін ағаш көшеттерін жетілдіру кәсібіне арнаған. Аталған шаруа қожалығына Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібеков арнайы барды.

Мұнда қазіргі таңда жеміс ағашының 15 түрінен 6 мыңға тарта көшеті тамырлап жатыр. Сонымен қатар, декоративті ағаштардың да 7 түрінен 5 мыңнан асатын көшеті жетіліп-ақ тұр.

Шаруалардың айтуынша, әр көшет 2-3 мың теңгеден 10 мың теңгеге дейінгі бағада сатылады. Расулметовтер отбасы бұл шаруаны ата кәсібіне айналдырып, көшет өндірудің қыр-сырын әбден меңгерген.

Сондай-ақ, Сайрам ауданында отбасылық кәсіппен түрлі салада табысқа кенеліп отырғандар аз емес. Солардың бірі – ескі көліктерді қайта қалыптап, тіпті қуатын бұрынғысынан арттырып қайта құратын Ахматали Хидировтың шеберлер ұстаханасы.

«Өз ісінің шебері үйінің ауласынан шағын автокөлік жөндеу орнын ашқан. Ал манкенттік Тахир Рустамбековтің жанұясы мал шаруашылығын дамытып, сүт өнімдерін өндіруге әбден машықтанған. Манкенттегі еңбексүйгіш, әулетті ғана емес, дәулетті отбасылар осылай шағын кәсіптен табыс тауып, сәулетті өмір сүруде», - деп мәлімдейді Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, іс-сапар барысында аудан әкімі Манкент ауылдық округіне қарасты Сайрам көшесіндегі ауыз су мәселесінің шешімін тапқанына көз жеткізіп, "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында Әбдіқадыров көшесінің жаңақұрылыс аумағына газ құбырларын тарту жұмыстарымен танысып қайтты.