Жансейіт Түймебаев: «Ұлыстың ұлы күні дәл бүгін отызыншы рет тойланып отыр»

0
2 442

Бүгін Оңтүстік жұрты Ұлыстың ұлы күнін Шымкент қаласында атап өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі ОҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Жансейіт Түймебаев: «Ұлыстың ұлы күні дәл бүгін отызыншы рет тойланып отыр»

Бүгін Оңтүстік жұрты Ұлыстың ұлы күнін Шымкент қаласында атап өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі ОҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл күнгі мерекенің ерекшелігі – жаңа Арбаттың ашылуынан басталды. Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Ж.Түймебаев шаһар тұрғындарын жаңа демалыс орнының ашылуымен құттықтады.

Мереке қаладағы Орталық атшабардағы ұлттық спорт ойын түрлерінен өткен жарыспен жалғасты. Атап айтқанда, көкпар, бәйге, қыз қуу ойындары жиналған жұрттың делебесін қоздырды. Биылғы Наурыз мейрамындағы сайыстың ерекшелігі алғашқы рет тай жарысы мен қысқа қашықтықтағы ат жарысы өтті. Сондай-ақ, қонақтар жамбы ату, аударыспақ, теңге ілу, тазы-төбет жарысы, қошқар көтеру сынды сайыстарды тамашалады. Ұлттық ойындар да шет қалмады, әсіресе, ұмыт бола бастаған шөген ойыны алғаш рет көрсетіліп, көпшілікті тамсандырды.

Бұл күнгі негізгі мерекелік шара Наурыз алаңындағы «Наурыз көктем - Шымқала» тартуымен жалғасып тапты. Алғашқы болып күнгей өңір тұрғындарына ақ тілегін арнаған облыс басшысы Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.

«Наурыз мейрамы - табиғаттың тылсым құдіреті күн мен түннің теңесер сәтіне тұспа-тұс келгенімен ерекшеленеді. Наурыз - ежелден жаңа мен жақсының, мейірім мен шапағаттың, әдеп пен имандылықтың бастауы болып отырған. Бұл күн – жаңару, жасару кезеңі. Ұлыстың ұлы күні дәл бүгін отызыншы рет тойланып отыр. Бұл - Тәуелсіздігіміздің, Мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясатының жемісі. Біздің қасиетті оңтүстік жеріне көктем ерте келеді. Сондықтан да оңтүстік жұрты бұл мерекеге ерекше ықыласпен дайындалады. Ұлыстың Ұлы күнінде, Қыдыр дарыған қадір таңында тілеген армандарымыз орындала берсін», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Сондай-ақ, аймақ басшысы облысқа еңбегі сіңген бірқатар азаматтарды «Облыстың Құрметті азаматы» атағымен марапаттады.

Мерекелік тарту «Шаттық», «Айгөлек» би ансамбльдерінің “Көктем Оңтүстіктен басталады” атты хореографиялық қойылымымен жалғасты. Сахнада көктемге арналып “Айтыс” музыкалық нөмірі көрсетілді. Оңтүстік халқын ұлық мерекемен құттықтап, елімізге белгілі “Ұлытау”, “Алашұлы”, “Өркен” сынды ұжымдар әннен шашу шашты. Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның Сүгір атындағы ұлт аспаптар оркестрі мен облыстық опера және балет театрының симфониялық оркестрі елге көтеріңкі көңіл сыйлады.

Бұдан бөлек облыс әкімі дәл осы Наурыз мейрамында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынған әкімшілік іскерлік орталығындағы №37 үйдің пәтер кілттерін иелеріне табыстады. Ұлыстың ұлы күнінде баспаналы болған отбасылар қуанышқа кенелді.