Үш педагогтың шаңырағы шайқалып, мектеп медбикесі өзіне қол салды дейді шулаған жұрт.
сурет: көрнекілік үшін
Түркістан облысы Қазығұрт ауданының мұғалімдері мектепке бұрынғы директордың қайта оралуына қарсылық білдірді, деп жазады Информбюро.
Себебі, білім ошағының 50 жастағы экс-басшысы жас мұғалімдерге қырындап, маза бермейді деп отыр. Соның кесірінен үш педагогтың шаңырағы шайқалып, мектеп медбикесі өзіне қол салды дейді шулаған жұрт.
Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Қызыл ата ауылындағы жалпы орта мектептің мұғалімдері мен ата-аналары білім ошағын тоғыз жыл басқарған бұрынғы директор қайта оралады деген ақпаратты естіп жандарын қоярға жер таппай жүр. Өйткені, экс-басшы жас мұғалімдерге қырындап, соның кесірінен үш педагог күйеуімен ажырасып, мектеп медбикесі өзіне қол салып қайтыс болды дейді тұрғындар.
БАЗАРКҮЛ БЕРКІНБАЕВА, мектеп мұғалімі:
– Құтқарыңдаршы деді. 2019-дан бастап мені осылай қорқытып ұстап жүр деді. Қалаға шығасың пәлен жерге келесің, екеуміз сол жерде кездесеміз. Мен бірнеше рет бармаймын деп те айтты. Бармаймын деп айтып едім мынандай суреттеріңді үйіңе жіберем, күйеуіңе жіберем дегеннен кейін қорыққаннан бірнеше рет шыққаным рас. Бірақ, ең соңында берсеңіз бере беріңіз. Не істесеңіз ол істеңіз. Мен енді бармаймын деп ұрыстым деді. Сөйтіп үйге барып, өз-өзіме қол жұмсағым келді деді.
Өзге ұстаздар да бұрынғы басшы кездесуге жиі шақырып, жұмысқа қатысы жоқ тақырыпта смс хат жіберетінін жасырмады.
МЕКТЕП МҰҒАЛІМІ:
– Жүр қалаға барайық, шай ішейік саған айтатын әңгімем көп деп. Сөйтіп мен қалаға бармаймын, шай ішпеймін сіз маған қандай оймен жазып тұрсыз оны дедім. Мен оған келіспедім. Ол тек бір маған емес осы жердегі бірнеше жас мұғалімге жазды деп естігенмін. Сағатыңды көбейтіп беремін деген сияқты жазады екен деп бірнеше адамнан естігенмін осы жердегі жас мұғалімдерден.
Қызметкердің қазасынан кейін бас көтерген ауыл тұрғындары білім бөлімінен бастап, полицияға да арыз жазған. Сөйтіп, Есіркеп Жұмабаев моральға қайшы әрекеті үшін жұмыстан босатылған. Жақында ол директорлық қызметке қайта келу үшін білім басқармасын сотқа берген екен. Бірақ судья 50 жасты еңсерген бұрынғы басшысының ұсынысын қанағаттандырмады.
ЕСІРКЕП ЖҰМАБАЕВ, "Қызыл-ата" орта мектебінің бұрынғы директоры:
– Оған менің ешқандай кінәм жоқ. 100 пайыз кепілдік беремін. Ондай ешнәрсе болған емес. Барған да емеспін. Мектеп құлау алдындағы апатты мектеп еді. 5 жыл қатарынан ақша бөлдіріп. Анда жүгіріп, мында жүгіріп. Оқу базасының бәрін бекіттірдім. Енді біреулерге қажет болған шығар. Менің ол мектепке барғым да жоқ. Көргім де жоқ.
Мектептің бұрынғы директоры мұғалімдердің айтқандарын жоққа шығарды. Сот шешіміне, ауыл тұрғындарымен келіспеймін деген азамат енді басқа салаға кетуге бел буған.