ТАҢҒЫ АБЫР-САБЫР: Кімнің күні қалай басталады?

0
208

Өзіңнің де, өзгенің де күнді қалай, қандай көңіл-күймен бастайтынын білу – маңызды.


ТАҢҒЫ АБЫР-САБЫР: Кімнің күні қалай басталады?

Сурет: ЖИ

Таңғы уақыт – адамның шынайы мінезі байқалатын сәттердің бірі. Өзіңнің де, өзгенің де күнді қалай және қандай көңіл-күймен бастайтынын білу кейде маңызды. Өйткені, таңғы көңіл-күй, іс-әрекеттер мен әдеттер күннің қалай өтетініне әсер етеді.

Ендеше, жұлдыз белгілерінің таңы қалай ататынын біле отырыңыз. Түсінуге жеңіл болуы үшін бәрі бір үйде деп елестетейік.


6:00

Бірінші болып БИКЕШ оянады. Бірден төсегін жинап, жуынатын бөлмеге бет алады. Ондағы алғашқы шаруасы – жуыну емес, тазалау. Шұңғылшаны, ваннаны, душ себезгісін, микробтан қорғайтын қаптамаға салынған тіс шөткесін... Бәрін тап-таза қылып, сосын барып өзі жуынуға кіріседі. Өйткені, рақаттанып жуынуы үшін жүйкесіне тиетін себеп болмауға тиіс.


6:15

ТАУЕШКІ – екінші боп оянады. Тұра сала қолына телефон алады. Экранға үңілген күйі жуынатын бөлмеге қарай аяқ басады. Көз ілеспес жылдамдықпен жуынады да, бола салысымен ыстық суды, тоқпен жылитын болса, аристонды, жарықты өшіреді. Табиғи жарық түсуі үшін перделерді ашып, барлық бөлменің жарығын сөндіреді. Өйткені, осы үйде үнемді ойлайтын – өзі ғана.


6:20

СУҚҰЙҒЫШ оянады. Бірақ оның бірінші баратын жері – жуынатын бөлме емес. Ұйқысы ашылар-ашылмас ыңғайлы киімдерін киеді де, жүгіріп, таңғы жаттығу жасауға шығып кетеді.


6:30

Бұл уақытта АРЫСТАН мен ТАРАЗЫ ұйқыдан тұрып үлгереді. Ол ғана емес, бір-бірімен таласып, ұрсып, үйді бастарына көтере айқалап үлгеруі де әбден мүмкін.


6:40

ТОРПАҚ ұйқысынан тұра сала, жуынбастан ас бөлмеге бет алады. Мақсаты – таңғы ас ішіп үлгеру. Ол дастархан дайындағанда басқалар ас бөлмеге кіруге бата алмайды. Алдын ала ойластырып қойған мәзірінен жаңылса, біреу кедергі келтірсе, асығып жүріп, соқтығысып қалса, сойқанды салатыны бар.


6.45

МЕРГЕН оянады. Ояна сала, Бикеш орнатқан мінсіз реттілік пен Тауешкінің үнемдеу ережелерін бұзып үлгереді. «Жел қағып, ауа кіріп, иіс-қоңы кетсін» деген сылтаумен төсегін жинамай жөнеледі. «Өзімізден аяймыз ба? Бүйтіп үнемдегені құрсын! Үйдің іші жап-жарық боп тұрмағасын...» деп жолай бөлмелердің жарығын жарқыратып кетеді. Ол жуынып шығам дегенше, шашылған төсектен Бикештің жүйкесі жұқарып, тоқтаусыз аққан судың сарылынан Тауешкінің жүрегі ауырып отырады.


6:50

САРЫШАЯН оянады. Оның таңертеңгі көңіл-күйін ешкім түсіне алмайды. Өзі де түсінбейді-ау. Біресе күліп оянады, біресе таң атпай ашулы. Ас бөлмеге кіріп, бір шыны кофе не шайын ішкенше ешкім оған сұрақ қоймағаны дұрыс. Қоя қалса, жауабы қысқа әрі ауыр болуы мүмкін.


7:00

Торпақтың тойып шыққанын күтіп жатқан ШАЯН орнынан тұрады. Ас бөлмеге барып, баптап бутерброд дайындайды. Бикеш өзіне арнап шырын сығады. Басқалары тоңазытқыштан қалған-құтқанды шығарып, талғажау қыла салады.


7:05

Бағанадан бері ояу жатқан, телефонға телміріп, әлеуметтік желінің жаңалықтарын, электронды поштасын, хабарламалар мен жұрттың статус-сториздерін түгелдеп енді болған ЕГІЗДЕР бас көтереді.


7:10

ТОРПАҚ оянады. Көзін ашар-ашпастан жасайтын бірінші шаруасы – секундомер қосу. Тұп-тура екі, ары кетсе, үш минутта тап-таза боп жуынып-қырынып, шыттай киінген күйі шығар есіктің алдында тұрады.


7:30

Бикеш кетер алдында тағы бір рет газдың, светтің, тоққа жалғанған құрылғылардың өшкен-өшпегенін тексеріп жүреді. Он қайтара тексеріп, қадағаламаса, көңілі көншімейтін әдеті. Оның қасында Шаян жүруі мүмкін. Өйткені, ол да басқаға сенбей, бәрін өз қадағалауында ұстауға тырысады.


7:40

Бәрі шығып, есікті сыртынан жауып, шаруаларына кетеді.


7:45

Есік қайта ашылып, ентігіп Егіздер кіріп келеді. Күн сайын міндетті түрде әйтеуір бірдеңесін ұмытып кететін әдеті. Дәл осылай араға бес-он минут салып ұмытқан заттарына үш-төрт рет келіп-кетуі ғажап емес.


8:00

БАЛЫҚТАР оянады. Қатты ұйықтағаннан ісіп кеткен көзін уқалап әрең ашып, сағатқа қарайды. «Бәрібір кешіктім ғой» деген оймен, көрпесін одан ары бүркене түсіп, қайтадан жастыққа бас қояды. Оның үстіне, есікті сыртынан құлыптап кеткен, ал Балықтар өз кілтін әлдеқашан жоғалтып алған.

Әрине, мұның бәрі – әзіл аралас жұлдызжорамал ғана. Дегенмен, таңғы әдеттеріміз бен көңіл-күйіміз күні бойғы күйімізге әсер ететіні рас. Сондықтан, ең бастысы, өзіңнің де, өзгелердің де ерекшелігін түсініп, күнді жақсы көңіл-күймен бастау.

Дайындаған: А. Мейірханқызы,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ТЕСТ: Қайсысын кигіңіз келеді?