Жақсы түсінетін, пікірі үндес жанмен жолдас болған қандай жақсы
«Сөзі жараспайды, басы піспейді» – бір-бірін жақтырмайтын, еш түсінісе алмайтын жандарды солай айтып жатамыз. Жанұяда да, басқа да ортада бастары тоғыса қалса, ит пен мысықша ырылдасып, тыныштығы қашады. Ал қызмет барысында істес, әріптес болып жатса, шаруасының алға басуы қиындайды. Бұл олардың бірінің жақсы, екіншісінің жаман болғандығынан емес. Жай ғана дүниеге келген уақыттарынан. Яғни, қай жұлдыз белгісінің аясында туғанына байланысты.
Ендеше, әркім өзінің қай жұлдызбелгімен «басы бір қазанға сыймайтынын» біліп, бір-бірінен аулақ жүргені абзал-ау.
ТОҚТЫ vs ШАЯН
Тоқты – тосын идеялардың кені және тәуекелге бас тіккіш қаһармандар. Ал Шаян мұндайды мүлде ұнатпайды. Ойларының бір арнада тоғыспайтынының басты себебі – ұстанымдарында. «Неғұрлым тыныш жүрсең, соғұрлым ұзақ жүресің» – бұл Шаянның ұраны болса, Тоқтылар «Тәуекел түбі – жел қайық, Өтесің де, кетесің» дегенді жиі қайталайды.
Тоқты алдымен ойындағысын жасап, сосын барып ойланады. Шытырман оқиғаларды жақсы көреді, қауіп-қатерге аса алаңдамайды. Үнемі сақтықты ұмытпайтын, екі шоқып, бір қарайтын Шаянды «таптаурын жолмен жүреді» деп сынға алады. «Тәуекел ет, әрекет жаса, жылдам-жылдам» деп қысым жасайды. Ал Шаян болса үнемі өзін тыңдауға шақырып, түсінуін өтініп, аяушылық тудырудың амалын жасауға мәжбүр.
ТОРПАҚ vs ЕГІЗДЕР
Әр нәрсені дер кезінде жасауды ұнататын, уақытпен санасатын және жауапты Торпақты ережелер мен тәртіпке бағынбайтын Егіздермен жұмыс істеу қатты шаршатады. Бұл белгілердің арасында қарым-қатынастың қай түрі болса да, әрқашан шиеленіске, дау-жанжалға толы.
Тоқты Егіздерге үнемі уақытты ескертіп отырудан, шаруаларын еске түсіруден, жауапкершілікпен қарауды сұраудан қажиды. Ал Егіздер болса оның жиырма төрт сағаттық бақылауынан, сын-ескертпелерінен, қағидалары мен ережелерінен мезі болады.
АРЫСТАН vs ТАУЕШКІ
Аталған белгілердің арақатынасы «Кім мықты?» деген сұраққа жауап іздеу жолындағы күреске толы. Екі мықтының егесі, көшбасшылыққа талас деуге болады. Бір-бірін аяқтан шалуға тырысып, нәтижесінде ортақ шаруаның күлін көкке ұшырады.
Барлық жерде үстемдік жүргізіп үйреніп қалған Арыстан Тауешкіні де өзіне бағындырып алғысы келеді. Алайда, бір қарағанда томаға-тұйық болып көрінетін Тауешкі оның дегеніне көне қоймайды. Тәуелсіздігін сақтап қалу үшін ештеңеден тайынбай, көкесін көзіне көрсетеді.
БИКЕШ vs МЕРГЕН
Бикештер үйде де, жұмыста да «тәртіп сақшысы» қызметінен қол үзбейді. Кез келген уақытта тәртіп бұзушыны жөнге салуға, жазалауға кірісіп кетеді. Ал Мергендер – ережемен жүрмейтін, шектеуге бағынбайтын, тәртіпке көнбейтін шекара бұзғыш «басбұзарлар». Екеуінің арасында қандай да бір байланыс орнай қалса, «тәртіп бұзушы» мен «тәртіп сақшысының» шайқасы басталды дей беріңіз.
ТАРАЗЫ vs САРЫШАЯН
Таразылар кіммен болмасын жақсы қарым-қатынаста болуды көздейді. Сол үшін үнемі ымыраға келудің жолын іздейді. Ал Сарышаяндар өзіне қарсы шыққанның бәрін тапап өтуге бар. Таразы мен Сарышаян жұбы – «ЕҢ МЕЙІРІМДІ мен ЕҢ ҚАТІГЕЗДІҢ» одағы. Темпераменттері осыншалықты екі түрлі белгі иелерінің бір ортада бастарының сыйысуы мүмкін емес. Өздері қанша тырысса да, уақыт пен еңбектері зая кетеді.
СУҚҰЙҒЫШ vs БАЛЫҚТАР
Егер сіз Суқұйғыш болсаңыз және Балықтармен бір ортаға түсіп қалсаңыз, онда екі күннен артық шыдай алмайтыныңыз анық. Үшінші күні басыңыз ауған жаққа қашып кетуге дайын тұрасыз. Себебі бұл екі белгінің басы піспейді: жанұяда да, жұмыста да, достық алаңында да.
Балықтар үнемі өзіне жауапкершілік алмай, өзгенің иығына артуға тырысады. Бітпейтін өтініштерімен бәрін мезі етеді. Оған біреулер шыдауы мүмкін, тек Суқұйғыш емес. Өзіне сеніп, жауапкершілік жүгін арқалап үйренген Суқұйғыш осы әдет-дағдысын Балықтарға да үйретуге тырысады. Қамқорлықпен, мейіріммен емес, ашумен, агрессиямен. Ал Балықтар үшін ол дүниедегі ең жаман, қатыгез адам болып көрінетіндіктен, сөздерін мүлде құлаққа ілмейді.
Жоғарыда айтқанымыздай, мұндай нашар қарым-қатынас белгі иелерінің жаман болғанынан емес. Әрқайсысы әр жұлдыз белгісінде туғандықтан, мінез, көзқарас, қабылдау және іс-әрекет – бәрі әр алуан.
Жеке өмірде де, жұмыста да өзіңді жақсы түсінетін, пікірі үндес, ойыңды айтқызбай ұғатын жандармен жолдас болған қандай жақсы!
Аударған: А. Мейірханқызы,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: