​Арықтай алмаудың себебі гормондар ма?

0
2 304

Зерттеушілер аптасына 30 минут қана спортпен шұғылдануды, бір орында жұмыс істеумен пара-пар деп санаған.


​Арықтай алмаудың себебі гормондар ма?

Артық салмақтан арыла алмаудың себебі көп: тамақтану, жас мәселесі, физикалық белсенділік және т.б.

Салмағына салмақ қосып, күн өткен сайын семіздікке бой алдыра бастағандар мұның себебін іздеумен әлектенеді. Сонымен қатар, дәрігерлердің көмегіне жүгініп, ота жасатуға дейін баратындар да жоқ емес. Диетаның көмегімен де фигурасын қалыпқа келтіріп, дұрыс тамақтануды қолға алғандарды да көріп жүрміз. Дегенмен барлық адам бірдей емес, олардың көбінің үнемі диетамен жүруге шамалары жете бермейді. Сондықтан да ең алдымен сіздің салмақ тастай алмауыңызға не себеп екенін біліп алыңыз, содан кейін сол бойынша әрекет жасайсыз.


Жас мәселесі

Адам жас күнінде тез салмақ тастай алады. Ал, балалар дұрыс тамақтанып, үнемі белсенді жүретіндіктен семіздікке бой алдыруы сирек кездеседі. Ал, 40-45 жастан асқандарға артық салмақтан арылу қиынырақ болары сөзсіз. Өйткені бұл жаста адамның ішкі жүйелері баяу жұмыс істеп, тіпті, 5 келі салмақ жоғалту оңай болмайды.

Зерттеулерге сүйенер болсақ, жас келе терінің өзгеруі мен шаштың ағаруы, ағзаның қартая бастауы энергияны аз жұмсауға ықпал етеді екен. Осының себебінен аз калория жұмсалып, қалғаны майға айналып жатады. 40 жастан кейін бұрынғы тамақтану рационыңыздан 500-800 калория төмендетуге тура келеді. Дегенмен, арықтаймын деген адамға жас кедергі емес. Тек қана тамақтануды дұрыстап, физикалық белсенділікті арттыру айтарлықтай нәтижеге жетуге көмектеседі.


Жаттығумен шұғылдану

Аптасына бір рет жаттығу жасап, «Мен жеткілікті түрде жаттығу жасап жүрмін» деп айту қателік. Себебі артық салмақтан арылғысы келетін жан үшін бұл тым аз. Жылдар бойы жиналған майларды шығару үшін көбірек қимылдауға, көбірек жаттығу залына баруға тура келеді. Әйтпесе аптасына 1-2 рет 20-25 минут таза ауада серуендеу немесе жүгіру тек жүрек жұмысына пайдалы болуы мүмкін. Ал, сымбаттың өзгеруіне бұлайша жаттығу жасау аздық етеді дейді мамандар. Мысалы, зерттеушілер аптасына 30 минут қана спортпен шұғылдануды, бір орында жұмыс істеумен пара-пар деп санаған.


Күніне 7 сағаттан кем ұйықтамаңыз

Егер сіз күніне 7 сағаттан кем ұйықтап жүрген болсаңыз, бұл зат алмасу жүйесіне кері әсер етуі ғажап емес. Сондай-ақ, грелин, лептин сынды қарынның ашуы мен тоқтығына жауап беретін гормондардың жұмысы бұзылып, бәрі де керісінше болуы әбден мүмкін. Ұйқы мен арықтаудың бір-бірімен байланысты екенін ғалымдар әлдеқашан байқаған. Ұйқысыздыққа бой алдырған адамдардың көбі түнгі уақытта көп тамақтанып, соның әсерінен семіздікке бейім бола бастайды. Ендеше арықтауды қаласаңыз, ұйқыны да дұрыстаңыз. Күніне 7-8 сағат қалыпты ұйқыға көшіп, гормондардың өз қызметін дұрыс орындауына мүмкіндік беріңіз.


Пайдалы тағамды да көп жеуге болмайды

Мынаны түсініңіз – қанша пайдалы тағам болса да, көп жейтін болсаңыз, оның пайдасынан гөрі зиянын тартатын боласыз. Өйткені сіз әдеттегіден артық тамақтанып жүрсіз. Бұл да салмақ қосуға апаратын бірден-бір жол екенін ұмытпаңыз. Тіпті, тәтті жемістер мен жаңғақтарды шамадан асыра жейтін болсаңыз, артық калория артық салмақ қосатыны сөзсіз. Дұрыс тамақтанып жүрмін деп, барлығын бірдей жей беруге болмайды екен. Әр нәрсенің шегі мен шеті бар. Сондықтан да дұрыс тамақтану режимін сақтап, тағамды аз-аздан жеуді үйреніңіз.

Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

ДҰРЫС АРЫҚТАУ: 6 АЙДА салмағыңыздың 10 пайызын ТАСТАСАҢЫЗ ЖЕТЕДІ