​«ҰЯТСЫЗ түстер» жиі МАЗАЛАЙ ма? Себебі мен сыры мынада...

0
187

Эротикалық түс көргіңіз келмесе, не істеуге болады?


​«ҰЯТСЫЗ түстер» жиі МАЗАЛАЙ ма? Себебі мен сыры мынада...

Сурет: ЖИ

Эротикалық мазмұндағы «ұятсыз» түстер адам бойында түрлі сезімдер тудырады. Біреулер мұндай түстен кейін қанағаттану немесе қызығушылық сезімімен оянса, енді біреуде ұялу, ыңғайсыздық, алаңдаушылық, мазасыздық, қорқыныш немесе абыржу т.б. болуы мүмкін. Әсіресе мұндай түсте әріптесіңіз, бұрынғы сүйіктіңіз немесе жақын досыңыз сияқты таныс адамдар пайда болса, көпшілік оны «жасырын сезімдерімнің белгісі шығар» деп ойлап жатады.

Шынында да солай ма? Эротикалық түстердің астарында қандай мағына жатыр және олардан құтылуға бола ма? Осы сұрақтарға жауап іздеген ғалымдар зерттеулеріне үңіліп көрейік.


Эротикалық түс көру – сирек кездесетін құбылыс емес. Ғалымдар 3 мыңға жуық адамнан көрген түстерін күнделікке жазып жүруді сұрағанда, олардың 18%-ында жыныстық сипаттағы көріністер болғаны анықталған.

Бірқатар зерттеулер эротикалық түстердің көбіне:

  • жас адамдарда;
  • жыныстық өмірі белсенді адамдарда;
  • жиі оргазм сезінетіндерде;
  • интимдік қарым-қатынас туралы көбірек ойлайтындарда;
  • жыныстық қиялға бейім адамдарда кездесетінін көрсетеді.

Осыған қарап, ғалымдар эротикалық түстер шынайы өмірде адам үшін маңызды болып жүрген тақырыптардың ұйқы кезінде де жалғасуы мүмкін деген болжам айтады. Бірақ бұл әзірге дәлелденген факт емес, тек ғылыми болжам ғана.


«Ұятсыз» түстер нені білдіреді?

Зерттеулер көрсеткендей, эротикалық түстерде көбіне ерекше немесе тосын оқиғалар емес, адамдар арасындағы қарапайым романтикалық және интимдік қарым-қатынастар кездеседі. Олар:

  • сүйісу;
  • жақындық;
  • флирт;
  • романтикалық еркелету;
  • қиялдардың орындалуы;
  • мастурбация сияқты сюжеттер болуы мүмкін.


Ғалымдар тағы бір қызық деректі анықтаған: эротикалық түстерде адамдар көбіне қазіргі жұбайын немесе сүйіктісін емес, басқа адамдарды көреді.


Әйелдердің түсіне танымал тұлғалар жиі кірсе, ер адамдардың түстерінде бірнеше адам қатар кездесетін жағдайлар да байқалған.


Туыстарыңыздың бірімен байланысты «ұятсыз» түс

Мамандар түс мазмұны адамның шынайы қалауын білдірмейтінін ерекше атап өтеді. Мұндай түстер көбіне өте жақын эмоционалдық байланысты, жеке шекаралардың бұзылуын немесе адамның өткен өміріндегі ауыр психологиялық тәжірибені өңдеу процесін бейнелеуі мүмкін. Сондықтан мұндай түстерді тура мағынасында қабылдауға болмайды.


Бұрынғы сүйіктіңізді көру

Психотерапевт әрі түс талдаушысы Лейн Далфеннің айтуынша, бұрынғы серіктің түске кіруі оны қайта қалайтыныңызды білдірмейді. Керісінше, ми қазіргі эмоциялық жағдайды бұрынғы ұқсас тәжірибемен байланыстырып көрсетуі мүмкін. Мысалы, қазіргі қарым-қатынаста өзіңізді бағаланбағандай сезінсеңіз, түсіңізде бұрын дәл сондай сезімге себеп болған адам көрінуі ықтимал.


Досыңыздың сүйіктісімен жақындық

Клиникалық психолог Алексис Конасон мұндай түсті жасырын сезіммен байланыстырмайды. Оның пікірінше, бұл түс достықтағы шешілмеген мәселелерді, ішкі бәсекелестікті, кінә сезімін немесе жеке шекаралардың бұзылуын білдіруі мүмкін.


Басшыңызбен романтикалық жақындық

Психотерапевт Гарольд Джонастың пікірінше, мұндай түс басшыға деген сезімді білдірмейді. Көбіне ол адамның кәсіби мақсаттарының артып келе жатқанын, өзіне деген сенімінің күшейгенін немесе билік пен жауапкершілікке ұмтылысын бейнелеуі мүмкін.

Қазіргі ғылымда түстердің нақты әрі бәріне бірдей ортақ мағынасы бар екенін дәлелдейтін зерттеулер жоқ. Сондықтан мұндай жорамалдар ғылыми дәлелге негізделмейді. Олар көбіне ойын-сауық мақсатында жасалған. Зерттеуші мамандардың өздері мұны нақты шындық емес, тек ықтимал түсіндірме ретінде қарастыру керек екенін ескертеді.

Эротикалық түстердің неге көрінетінін нақты айту қиын, өйткені жалпы түстердің табиғатының өзі әлі толық зерттелмеген. Дегенмен бұл жөнінде бірнеше ғылыми теория бар.

  • Психоанализдің негізін қалаушы Зигмунд Фрейд түсті адамның жасырын тілектерінің көрінісі деген. Оның пікірінше, адам саналы түрде мойындағысы келмейтін немесе қоғам қабылдамайды деп есептейтін тілектерін күнделікті өмірде санасынан ығыстырады. Ал ұйқы кезінде сананың бақылауы әлсірегендіктен, сол жасырын тілектер түс арқылы көрініс береді.
  • Америкалық психиатрлар Джон Хобсон мен Роберт Маккарлидің пікірінше, ұйқы кезінде ми бағаны өздігінен әртүрлі жүйке жасушаларын белсендіреді. Ал ми сол кездейсоқ сигналдарды белгілі бір оқиғаға айналдырып, түс ретінде қабылдатады. Демек, эротикалық түстердің ерекше астары жоқ. Олар – мидағы кездейсоқ процестердің нәтижесі ғана.
  • Нейропсихолог әрі психоаналитик Марк Солмс түстерді эмоция мен мотивацияға байланысты пайда болады деп түсіндірген. Оның пікірінше, түс пайда болуы үшін мидағы бейнелер адам үшін эмоциялық және психологиялық маңызға ие болуы қажет. Яғни белгілі бір нәрсе адамға қызықты, маңызды немесе қалаулы болуы керек. Алайда бұл әрбір эротикалық түс міндетті түрде жасырын құмарлықтың немесе нақты адамға деген сезімнің белгісі деген сөз емес. Кейде мұндай түстер адамның эмоцияларын, тәжірибесін немесе өмірінде маңызды орын алатын тақырыптарды ғана бейнелеуі мүмкін.
  • Невролог Антти Ревонсуо «Түстер – өмірдегі жағдайларға алдын ала дайындайтын жаттықтыру құралы» деген теорияны ұсынған. Бұл теория бойынша, ұйқы кезінде ми ықтимал қауіптерді елестетіп, адамды соларға психологиялық тұрғыдан дайындайды. Бұл – ми үшін өзіндік жаттығу. Эротикалық түстер осы теория тұрғысынан қарастырылса, олар міндетті түрде жыныстық қалауды білдірмейді. Керісінше, адамның жақын қарым-қатынас, қабылданбаудан қорқу, қызғаныш, сатқындық, ұялу немесе жағдайды бақылаудан айырылу сияқты эмоционалдық тәуекелдерді психологиялық тұрғыдан өңдеуінің көрінісі болуы мүмкін.


Жыныстық сипаттағы түс көргіңіз келмесе, не істеуге болады?

Эротикалық түстер әрдайым жағымды бола бермейді. Психолог Мелани Дидериксеннің айтуынша, мұндай түстерден кейін көпшілік: «Бұл нені білдіреді? Жасырын қалауларымның белгісі ме?» немесе «Маған не болды, неге дәл осындай түс көремін?» деген сұрақтарға жауап іздей бастайды.

Зерттеулер де эротикалық түстерден кейін жағымсыз күй кешу жиі кездесетінін көрсетеді. Кейбір адамдар мұндай түстен кейінгі ауыр эмоциялардан күні бойы арыла алмай жүреді. Егер сізде де осындай жағдай қайталанса, төмендегі кеңестер көмектесуі мүмкін.


Салауатты өмір салтын ұстаныңыз

Психотерапевт Ли Филлипстың айтуынша, эротикалық түстерді толықтай тоқтату мүмкіндігі аз. Алайда олардың жиілігі мен әсеріне ықпал етуге болады. Ол үшін адамның жалпы денсаулық жағдайы ақсы болуға тиіс. Айталық, ұйқы гигиенасын сақтау, тұрақты дене белсенділігімен айналысу, медитация жасау және дұрыс, теңгерімді тамақтану қажетсіз түстердің азаюына ықпал етуі мүмкін.


Түстің өміріңізбен байланысын саралап көріңіз

Егер бір түсті қайта-қайта көрсеңіз немесе ол сізге эмоционалдық тұрғыдан ауыр әсер етсе, оның шынайы өміріңіздегі қандай жағдайлармен байланысты болуы мүмкін екенін ой елегінен өткізіңіз. Зерттеуші Алекс Марсден ең алдымен түсте көрінген адамға назар аударуға кеңес береді. Ол сіз үшін нені білдіреді? Қандай қасиетімен ерекшеленеді?

Егер сүйіктіңізбен қарым-қатынаста болсаңыз, бірақ түсіңізде басқа адам көрінсе, өзіңізге: «Маған не жетіспейді? Ол адамда серіктесімде жоқ қандай қасиет бар?» деген сұрақтарды қойып көріңіз. Дегенмен, түстерді талдағанда олардың міндетті түрде белгілі бір мағына беретінін ұмытпаған жөн. Кейде түс – мидың ұйқы кезіндегі кездейсоқ белсенділігінің нәтижесі ғана болуы мүмкін. Сондықтан мұндай түстер сіздің қарым-қатынасыңызда міндетті түрде мәселе бар дегенді білдірмейді.


Маманның көмегіне жүгініңіз

Егер эротикалық түстер қатты күйзеліс әкелсе, зорлық-зомбылыққа қатысты сюжеттерді қамтыса, жан дүниеңізге ауыр салмақ түсірсе немесе күнделікті өміріңізге кедергі келтіре бастаса, психиатрға немесе психотерапевтке қаралған дұрыс. Маман мұндай түстердің ықтимал себептерін анықтап, олармен байланысты мазасыздықты жеңуге көмектесе алады.

Ханбибі ОРАЛ,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Еркектің «МОТОРЫ» ерте өшсе... ҮШ себебі және ТӨРТ емі
КИНО тарихындағы ең ҚЫМБАТ 10 туынды

ЕЛУДЕН ассаңыз да, ЖИЫРМАДАҒЫДАЙ ЖАС көрінудің жолы бар

ҰЛ-ҚЫЗЫның болашағына БАЛТА ШАБАТЫН аналар