​ҰЛ-ҚЫЗЫның болашағына БАЛТА ШАБАТЫН аналар

0
201

Олар қандай болады?


​ҰЛ-ҚЫЗЫның болашағына БАЛТА ШАБАТЫН аналар

Сурет: ЖИ

Ана – әр адамның өміріндегі ең қастерлі сөздердің бірі. Ана – балаға өмір сыйлап қана қоймай, оны қорғап, өмір жолына бағыт беретін ең жақын адам. Әр перзентіне ең жақсыны тілейтін нағыз жанашыр. Алайда барлық ана мұндай үлгіге сай бола бермейді.

Кейде дәл сол жандар баласына қанат бітіремін, ересек өмірге дайындаймын деп, өзі де байқамастан зиянын тигізіп жатады. Жан дүниесіне терең жара салғанын, болашағына өз қолымен балта шапқанын кеш біліп, бармақ шайнамау үшін мына әрекеттерден аулақ болыңыз.


Психология ғылымында баласының өміріне теріс ықпал ететін мінез-құлықтары бар аналарды «уытты ана» деп атайды. Бұл терминді алғаш рет 1989 жылы американдық психотерапевт Сюзан Форвард өзінің «Уытты ата-ана» кітабында ғылыми-көпшілік айналымға енгізген. Қазіргі отбасылық психотерапияда дисфункционалды қарым-қатынасты сипаттайтын тұрақты термин болып табылады. Мұндай аналар баласын жақсы көргенімен, өз әрекеттері арқылы оның психологиялық дамуына зиян келтіруі мүмкін.


Перзенттерінің әкесін сыйламайтын ана

Кей әйелдер ұл-қыздарының көзінше олардың әкесін сынап, кемсітіп, мазақ етеді, ұрсып отырады. Мұндай сөздер кішкентайларға ауыр әсер етеді. Себебі әр бала өзін анасы мен әкесінің жалғасы ретінде қабылдайды. Джон Боулби, Сальвадор Минухин еңбектеріндегі психология мен триангуляция теориясында ата-ананың бірін-бірі баланың көзінше кемсітуі баланың психикасына ауыр соққы болатыны дәлелденген. Анасы әкесі туралы үнемі жаман айтып отырса, бала өз болмысының бір бөлігін қабылдай алмай, өзіне деген сенімінен айырылуы мүмкін. Нәтижесінде өзін төмен бағалау, шешім қабылдаудан қорқу және ішкі тұрақсыздық қалыптасады.


Өзі орындамайтын нәрсені баладан талап ететін ана

Оларды шартты түрде «теориялық ана» деуге болады. Мұндай әйелдер өзінің қолынан келмеген немесе өзі істемейтін нәрсені ұл-қызынан талап етеді. Перзенттерінің тура «кітапта жазылғандай» немесе «суреттегідей» идеалды болғанын қалайды. Алайда, өзі ондай үлгі бола алмайды. Балалар көбіне ата-анасының сөзінен гөрі ісіне қарап үйренеді. Сондықтан ең тиімді тәрбие – жеке үлгі көрсету. Егер ата-ана өзі кітап оқып, спортпен шұғылданып, адалдық пен жауапкершілікті ісімен дәлелдесе, бала да осы қасиеттерді табиғи түрде бойына сіңіреді.


Тиран шеше

Ол баласының әр қадамын бақылауға тырысады. Үнемі өз пікірін дұрыс санап, жасөспірімнің өз бетінше шешім қабылдауына мүмкіндік бермейді. Баласының таңдауын шектеп, дербестігін қабылдағысы келмейді. Көп жағдайда мұндай мінез-құлық адамның өзіне деген сенімінің төмендігінен туындайды. Басқаларды бақылау арқылы ол өзін маңызды сезінгісі келеді. Осындай ананың тәрбиесінде өскен бала кейін өз ойын ашық айтудан қорқуы, тәуелді мінез-құлықтарға немесе түрлі зиянды әдеттерге бейім болуы мүмкін.


Өмір салтына жауапсыз ана

Бұл аналар отбасылық жауапкершілікке де, өз өміріне де салғырт қарайды. Тұрақты қарым-қатынасты бағаламайды, серіктестерін жиі ауыстырады. Мұндай жағдай әсіресе қыз балаға қатты әсер етуі мүмкін. Себебі ол ер мен әйел арасындағы қарым-қатынастың дәл осындай үлгісін қалыпты деп қабылдап өседі. Соның салдарынан болашақта тұрақты әрі сенімді отбасы құруда қиындықтарға тап болуы ықтимал.


Физикалық, психологиялық зорлық көрсетуші

Бұл – аналардың ең қауіпті түрі. Ұрып-соғу, денесін күйдіру, ауыр сөзбен қорлау, кемсіту, қорқыту, баланың сезімін жоққа шығару сияқты психологиялық қысым жасайды деуге еш ананы қимайтынымыз анық. Алайда, ондайлар бар. Бұл аналардың зорлық-зомбылық әрекеттері баланы өте ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Әсері ең ұзақ сақталатын уыт та – осы. Осындай ортада өскен бала өзін қауіпсіз сезінбейді, үнемі қорқынышпен өмір сүреді және өз құндылығына күмәнмен қарайды. Ересек өмірінде ол адамдарға сену, сезімін ашық білдіру және жақын қарым-қатынас орнатуда қиындықтарға тап болуы мүмкін. Сондай-ақ айналасындағы адамдардан үнемі қауіп немесе қатыгездік күтетін мінез қалыптасуы ықтимал.


Бұл аналар неге мұндай күйге түсті?

Бала тәрбиесіндегі қателіктер сөз болғанда, басты назар мен кінәлау көбіне анаға бағытталады. Алайда, ананың «уытты» мінез-құлқы ешқашан бостан-бос пайда болмайды. Олар бұған бейсаналы түрде немесе қандай да бір психологиялық қиындық салдарынан барады.

Көп жағдайда, травмалардың трансформациясы себеп. Өз уақытында дәл осындай қатыгез немесе бақылаушы ата-ананың тәрбиесін көрген қыз балалар өсе келе уытты анаға айналады.

Екінші бір себеп – эмоционалды күйзеліс. Қаржылық тұрақсыздық, баспана мәселесі және күнделікті бітпейтін рутиналық жұмыстар созылмалы стрессті тудырады. Тұрмыстық тауқымет, жалғыздық немесе әйел ретінде бақытсыз болуы ызасын баладан алуға итермелейді.

Қоғамдық айыптау, яғни, айналадағы адамдардың тарапынан болатын «сен дұрыс ана емессің» деген сындар әйелдің өзіне деген сенімсіздігін арттырып, оны қорғаныс мақсатындағы агрессияға итермелейді.

Отбасында әкенің өз функциясын орындамауы да салмақты себеп. Әке тек «қаржы табушы» рөлімен шектеліп, бала тәрбиесінен және әйеліне эмоционалды қолдау көрсетуден бас тартады. Ана жалғыздықтан мазасыз күйге түседі. Ерлі-зайыптылар арасындағы шиеленіс тікелей шешілмей, бала арқылы көрініс табады. Әйел өз ренішін баласына айтып, оны әкесіне қарсы құрал ретінде қолдана бастайды.

Жауапкершіліктен қашу да жоқ емес. Отбасындағы маңызды шешімдер тек ананың мойнына жүктеледі. Жауапкершіліктің ауырлығынан ана баланың әр қадамын бақылауға тырысатын «тиран» рөліне өтеді.


Қатені түзеу – ешқашан кеш емес

Ешкім мінсіз болуға міндетті емес, соның ішінде аналар да. Дегенмен өз әрекетінің бала психологиясына қалай әсер ететінін түсінсе игі. Қажет болған жағдайда қателігін мойындап, өзгеруге ұмтылуы өте маңызды. Мына үш қадам уыттан арылуға жол ашады:

  • Мойындау: «Иә, мен мінсіз емеспін, менің де қателерім бар, мынадай жағдайларда нашар ана болып кетемін» деп өзіне есеп беру.
  • Сепарация (Бөліну): Баланың жеке тұлға екенін мойындау, оның ойын, пікірін, таңдауын қабылдау.
  • Кешірім сұрау: Баланы немесе ересек болып кеткен ұл-қызды шақырып, өткен уақыттардағы қателіктер үшін шын жүректен кешірім сұрау.

Ханбибі ОРАЛ,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

БАЛАНЫ ТАСТАП ҚЫДЫРУ: Өзіңді кінәлаудан арылтатын 5 қадам