​27 қазанда Өзбекстанда парламент сайлауы өтеді

0
444

Сайлау науқаны бүгіннен, яғни 26 шілдеден басталады.


​27 қазанда Өзбекстанда парламент сайлауы өтеді

ERNUR.KZ. Өзбекстанның Орталық сайлау комиссиясы парламент және жергілікті кенгаш депутаттарының сайлауын 27 қазанда өткізу туралы шешім қабылдады, деп жазады inform.kz.

Сайлау науқаны бүгіннен, яғни 26 шілдеден басталады.
Айта кетейік, бұған дейін Өзбекстанда парламенттің өкілеттігін өзгертуді көздейтін заң қабылданған еді.
Құжатқа сай, парламент палаталарының бір-бірін қайталайтын өкілеттіктері нақтыланды. Енді сенаторлардың жалпы саны 100-ден 65-ке дейін қысқарады. Бұл ретте әрбір әкімшілік аумақтан 4 сенатордан сайланады, ал қалған 9 депутатты президент тағайындайды.
Сондай-ақ Заң шығару палатасы спикерінің орынбасарлары 7-ден 2-ге дейін қысқарады. Олар өз міндетін атқару кезеңінде фракция құрамында болмайды және саяси партияға мүшелігін тоқтата тұрады.
Құжатта жазылғандай, Заң шығару палатасы мен Сенатқа өзін-өзі тарату өкілеттігі беріледі. Бұл жағдайда Заң шығару палатасындағы жаңа сайлау 2 ай аралығында, ал Сенаттың жаңа құрамы бір ай ішінде жасақталуы тиіс.

Енді Өзбекстанда бір адам қатарынан екі мерзімнен артық Бас прокурор лауазымына тағайындала алмайды. Мұндай тыйым Сенат төрағасы мен Заң шығару палатасының спикеріне де қолданылады. Бұрын олардың лауызымды иелену уақытына қатысты ешқандай шектеу болмаған еді.

Сонымен қатар Сенат өкілеттіктерінің бір бөлігі парламенттің Заң шығару палатасына беріледі. Атап айтқанда, оған премьер-министр лауазымына тағайындалатын кандидатураны келісу және мақұлдау, министрлер кабинетінің мүшелерін бекіту, мемлекеттік бюджеттің атқарылуын бақылау, Есеп палатасының есебін қарау және басқа да құзыттер жатады.
Өз кезегінде парламенттің жоғарғы палатасы президенттің ұсынысы бойынша Конституциялық сот пен Жоғарғы соттың, Жоғарғы судьялар кеңесінің және басқа ведомстволардың төрағаларын сайлауға жауапты болады. Мұнымен қатар, Сенат мемлекет басшысының ведомстволарды құру және тарату туралы жарлықтарын бекіте алады.
Ал, Сенаттың сандық құрамы мен комитеттердің атауларын, сондай-ақ заң шығару палатасы спикері орынбасарларының саны мен мәртебесін айқындайтын заң ережелерін биыл парламенттік сайлау қорытындысы негізінде іске асыру жоспарланып отыр.