Дүниежүзілік банк Өзбекстан экономикасының өсімін 5,8% деңгейінде болжап отыр.
Фото: Depositphotos
ERNUR.KZ. Өзбекстан Республикасының Ұлттық инвестициялық қоры мен «Franklin Templeton Asset Management» ЖШС арасында инвестициялық активтерді сенімгерлікпен басқару туралы келісімге қол қойылды, деп жазады inform.kz.
Экономика және қаржы министрлігінің хабарлауынша, бұл келісім Өзбекстанның экономикалық дамуын қолдау және халықаралық инвесторларды тарту мақсатында жүзеге асырылып жатыр.
Келісімге сәйкес, Franklin Templeton қорға тиесілі 18 мемлекеттік кәсіпорын мен коммерциялық банктердің инвестициялық портфелін басқарады және олардың инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған трансформация бағдарламаларын жүзеге асырады.
Осы трансформация бағдарламалары жүзеге асырылғаннан кейін қордың және оның басқаруындағы кәсіпорындар мен банктердің акциялары жергілікті және халықаралық қор биржаларында листингтен өтеді.
Осы мақсатта Franklin Templeton қорға тиесілі мемлекеттік кәсіпорындар мен коммерциялық банктердің стратегияларын қайта қарауға, олардың корпоративтік басқару жүйесін, қаржылық тиімділігін, ішкі аудит пен тәуекелдерді басқару жүйелерін әлемдік стандарттарға бейімдеуге, сондай-ақ қызметкерлердің біліктілігін жетілдіруге бағытталған трансформация бағдарламаларын жүзеге асырады.
Franklin Templeton сингапурлық «Franklin Templeton Capital Holdings Private Limited» компаниясы тарапынан құрылған. Өз кезегінде, бұл компания 1947 жылы АҚШ-та негізі қаланған және қазіргі уақытта 30-дан астам елде жұмыс істейтін әлемдегі ең ірі кәсіби активтерді басқару компанияларының бірі «Franklin Templeton Investments, Inc.»-тің еншілес кәсіпорны.
Еске сала кетейік, Дүниежүзілік банк Өзбекстан экономикасының өсімін 5,8% деңгейінде болжап отыр.