Армения парламенті Пашинянды ел премьері етіп сайлады

0
1 056

Дауыс беру 8 мамыр күні өтті. Пашинян кандидатурасын 59 депутат қолдап, 42 депутат қарсы дауыс берген.


Армения парламенті Пашинянды ел премьері етіп сайлады

Армения парламенті оппозиция лидері, "Елк" партиясының жетекшісі Никол Пашинянды ел премьер-министрі етіп сайлады. Дауыс беру 8 мамыр күні өтті. Пашинян кандидатурасын 59 депутат қолдап, 42 депутат қарсы дауыс берген.

Енді Пашинян екі апта ішінде үкімет мүшелерінің тізімін жасап, президентке ұсынуы тиіс.

Парламенттегі дауыс беру қорытындысы.
Парламенттегі дауыс беру қорытындысы.

Мамырдың 1-і күні Армения парламенті депутаттары Никол Пашинянның премьер-министр болуына қарсы дауыс берген. Армения конституциясы сай, Пашинян премьер-министр болып сайлану үшін, оны 105 депутаттың 53-і қолдауы тиіс еді. Бірақ парламенттегі ең көп орынға ие Республика партиясы фракциясының біраз депутаты Пашинян кандидатурасын қолдамаған.

Осыдан кейін Пашинян халықты қайта көшеге шығуға үгіттеген. Мамырдың 2-сі күні халық жолды жауып, наразылық күшейе түскенде Республикалық партия келесі сайлауда ұсынылған кандидатты қолдайтындарын айтқан. Премьер-министр сайлауы 8 мамырға белгіленген. Пашинян жақтастары бірнеше күнге наразылықты тоқтатқандарын, егер талаптары орындалмаса қайта көшеге шығатындарын мәлімдеген.

Сәуірдің ортасынан бері Арменияда тұрғындардың билікке қарсы жаппай наразылық басталған. Халық қатарынан екі мерзім ел президенті болған Республикалық партия лидері Серж Саргсян премьер-министр болып сайлануына қарсы шыққан. Үкіметке қарсы халықтың жаппай наразылығынан кейін отставкаға кеткен еді.

Оған дейін соңғы он жылға жуық уақыт бойы Саргсян Армения президенті болып отырған кезде жүргізілген конституциялық реформа нәтижесінде премьер-министрдің қызмет өкілеті кеңейтілген болатын.