Елдегі жемқорлық дауы әлі де жалғасып, одан әрі үдей түсуде.
Фото: ЖИ
ERNUR.KZ. Дәлірек айтсақ, Орбанның бұрынғы министрі орманға 17 миллион еуро көмген болып шықты, деп жазады inbusiness.kz.
Венгрияда бұрынғы министрге қатысты жүргізіліп жатқан сыбайлас жемқорлық ісі аясында тергеушілер шамамен 17,6 миллион еуро көлеміндегі қолма-қол ақшаны тапқан. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ұлттық басқармасының (NVVH) мәліметінше, әртүрлі валютадағы ірі көлемдегі ақша орманға, ауыл шаруашылығы нысандарына, қоймаларға және күдіктінің тұрғын үйіне жасырылған. Ақшаның тағы бір бөлігі сейфтегі құпия орыннан табылған.
Табылған ақшаны санауға Венгрия қазынашылығының 12 қызметкері жұмылдырылған. Олар 5 ақша санау құрылғысының көмегімен қаражатты толық есептеуге 8 сағат уақыт жұмсаған.
Тергеу ісінің негізгі фигуранты – Виктор Орбан үкіметінде ұлттық даму министрі болған Миклош Шештак. Ол "шамамен 34 миллион еуро көлемінде пара алды" деген күдікке ілінген. Қыркүйек айының соңынан бері қамауда отыр.
Орбанның айналасындағы жемқорлыққа қатысы бар деген күдікке ілінген жалғыз адам Шештак емес. Осы аптада Орбанның інісі Арон да тұтқындалды. Оған "адам саудасына қатысы бар және қысым көрсетті" деген күдік келтіріліп отыр.
Мұнан бөлек, Венгрия Орталық банкінің бұрынғы төрағасы Дьёрдь Матолчи де қамауда отыр. Прокуратура мәліметінше, оған "банк қорындағы қаражатты мақсатсыз пайдаланды" деген айып тағылған.
Сәуір айында өткен сайлауда жеңіске жеткен Венгрияның жаңа премьер-министрі Петер Мадьяр Орбанның қылмыстық желісін әшкерелеуге уәде берген еді. Ол Шештактан миллиондаған еуроның табылуын елде сыбайлас жемқорлыққа негізделген жүйенің бар екенін дәлелдейтін айғақ ретінде бағалады.
– Бүгіннен бастап Виктор Орбанның мафия басшысы болғаны дәлелденді. Енді ол – биліктен тайдырылған мафия басшысы, – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Миллиондаған еуроның табылуы Орбанға түсетін саяси қысымды одан әрі күшейтуі мүмкін. Енді тергеушілер бұл қаражаттың нақты қайдан келгенін және жемқорлық жүйесіне тағы кімдердің қатысы бар екенін анықтауы тиіс.
Ал Орбан өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып отыр. Ол жүргізіліп жатқан тергеулер мен тұтқындауларды өзін саяси сахнадан ығыстыруға бағытталған саяси "озбырлық" деп атады.
Жаза кетейік, Жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі жаңа NVVH ведомствосы Петер Мадьяр үкіметі 2026 жылдың шілдесінде ұсынған заң жобасы негізінде құрылған. Бұл құрылымды жасақтау Мадьярдың сайлауалды науқаны кезіндегі басты уәделерінің бірі болған.


