Әзербайжанда сайлау науқаны басталды

0
422

Үгіт - насихат науқаны 23 күнге созылады.


Әзербайжанда сайлау науқаны басталды

ERNUR.KZ. Бүгін Әзербайжанда 2024 жылғы 1 қыркүйекте өтетін кезектен тыс парламенттік сайлауға байланысты сайлау алдындағы үгіт-насихат науқаны басталды, деп жазады inform.kz.

Үгіт - насихат науқаны 23 күнге созылады. Атап айтсақ, 9 тамыздан 31 тамызда сағат 08:00-ге дейін жалғасады.

Сайлау алдындағы үгітті жүргізуді тіркелген кандидаттардың уәкілетті өкілдері, саяси партиялар мен партиялардың блоктары жүзеге асыратын болады.

Бұған дейін Әзербайжанның Орталық сайлау комиссиясының отырысында ОСК төрағасы Мазахир Панахов депутаттыққа тіркелген 305 кандидат Әзербайжанның 25 саяси партиясының өкілі екенін хабарлады.

Оның айтуынша, 25 саяси партиядан 459 адам ұсынылған, олардың 305-і тіркелген. Қазіргі уақытта депутаттыққа 1 030 кандидат тіркеліп саяси додаға түсуге дайын.

Панахов үгіт-насихат науқанын өткізу үшін республика аумағында 3 259 ашық алаң және 1 854 жабық үй-жай бөлінгенін хабарлады.

Естеріңізге сала кетейік, 28 маусымда Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев VI шақырылымдағы Милли Мәжілісті тарату және кезектен тыс парламенттік сайлауды тағайындау туралы бұйрыққа қол қойды. Құжатқа сәйкес, сайлау 2024 жылдың 1 қыркүйегінде өтеді. Елдегі соңғы парламенттік сайлау 2020 жылдың 9 ақпанында өтті.

Әзербайжан Ұлттық Ассамблеясы немесе Милли Мәжілісі – бір палаталы парламент, әр бес жыл сайын 125 округтен бір адамнан тұратын көпшілік сайлау жүйесі негізінде 125 депутат сайланады.