Қазіргі таңда өрт ел астанасы Подгорица, сондай-ақ Никшич, Биело-Поле, Чане және Булярица қалаларының маңында сөндіріліп жатыр.
Фото: Анадолы
ERNUR.KZ. Черногория ел аумағында өршіп тұрған орман өрттеріне байланысты көрші елдер мен халықаралық қауымдастықтан көмек сұрауға мәжбүр болды, деп жазады inform.kz.
Қазіргі таңда өрт ел астанасы Подгорица, сондай-ақ Никшич, Биело-Поле, Чане және Булярица қалаларының маңында сөндіріліп жатыр.
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, қатты желдің салдарынан таралып жатқан өрт кейбір тұрғын аудандарға жақындап қалған.
Черногорияның Ішкі істер министрлігі өрт ошақтары Подгорица, Будва, Бар, Никшич, Шавник және Биело-Поле қалаларында әлі де жалғасып жатқанын мәлімдеді.
Сонымен қатар Подгорица үкіметі НАТО аясында көрші елдерден көмек сұрағанын хабарлады.
Сербияның Ішкі істер министрлігі Черногориядағы өртті сөндіру үшін тікұшақ жіберілгенін мәлімдеді.
Ұлттық БАҚ-тың дерегінше, Хорватия да өртпен күресу үшін арнайы өрт сөндіру ұшағын жөнелткен.
Қазір Черногорияда қызыл деңгейдегі қауіп жарияланды. Бұл – кеше басталған шектен тыс жоғары температураларға байланысты.
Балқан елдері орман өрттерімен және аптап ыстықпен күресіп жатыр
Хорватияда Сплит қаласының маңында жақында тұтанған ауқымды орман өрті 250 гектар жерді жойып жіберген. Алайда қазір бақылауға алынған.
Косовоның Төтенше жағдайлар агенттігінің жазбаша мәлімдемесіне сәйкес, 12 тамызда сағат 14:00 мен 20:00 аралығында ел аумағында 51 өрт тіркелген. Оның 32-сі бақылауға алынып, 19 өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Албанияның Азаматтық қорғаныс ұлттық агенттігі (AKMC) соңғы 24 сағат ішінде ел аумағында 50 орман өрті тіркелгенін, олардың 19-ы әлі де сөндірілмегенін хабарлады.
AKMC мәліметінше, өрт сөндіру жұмыстарына 82 өрт сөндіру көлігі мен 1080 адам жұмылдырылған.
Албаниялық Геологиялық ғылымдар институты Шкодер, Лежа және Эльбасан провинцияларында және жалпы ел бойынша өрт шығу қаупі өте жоғары екенін ескертті.
Ауа температурасы 41 градусқа дейін көтеріледі деп күтіліп отыр. Азаматтарға сақ болуға және өрт байқалған жағдайда жергілікті билікке дереу хабарлау керек екені ескертілді.
Аптап ыстыққа байланысты ескертулер Хорватия, Босния және Герцеговина мен Сербияда да жарияланған.
Бұдан бұрын Германияда аптап ыстыққа байланысты кондиционер өндірісі екі есе артқаны мәлім болды.