Францияда оқушылар наразылығы күшейді: Президент Макрон министрлермен кездеседі

0
123

6 қазанда Франциядағы оқушылар наразылығына мұғалімдер мен ата-аналар қосылды.


Францияда оқушылар наразылығы күшейді: Президент Макрон министрлермен кездеседі

Фото: AFP

ERNUR.KZ. Reuters агенттігінің мәліметінше, ел бойынша өткен шерулерге 250 мыңнан астам адам қатысқан. Le Monde басылымы Франция Ішкі істер министрлігінің есебіне сүйеніп, наразылыққа 266 мың адам шыққанын жазады. Ұйымдастырушылар қатысушылар саны бұдан да көп болғанын айтады, деп жазады inbusiness.kz.

Франция президенті Эмманюэль Макрон елдегі оқушылар наразылығының күшеюіне байланысты министрлермен кездесу өткізеді. Елисей сарайындағы жиынға премьер-министр Себастьен Лекорню, ішкі істер министрі Лоран Нуньес және ұлттық білім министрі Эдуар Жеффре қатысады.

Наразылық қыркүйектің ортасында Париж маңындағы Кретей қаласында басталды. Алғашында мектеп оқушылары мен мұғалімдер білім беру жүйесіне қосымша қаржы мен маман бөлуді талап еткен. Кейін қозғалыс Францияның басқа өңірлеріне тарады.

Наразылық білдірушілер мектептердегі мұғалім тапшылығына, сыныптардағы бала санының көптігіне, ескірген ғимараттарға және сабақ кестесінің шамадан тыс ауырлығына шағымданып отыр. Сондай-ақ олар сабаққа келмеген мұғалімдердің орны дер кезінде толтырылмайтынын және білім саласына бөлінетін қаржы жеткіліксіз екенін айтады.

Euronews мәліметінше, шерушілер университетке қабылдаудың Parcoursup жүйесіндегі теңсіздіктерді де сынға алған.

6 қазандағы акция кезінде Франция бойынша 900-ге жуық мектептің жұмысы тоқтаған немесе бұзылған. Оның шамамен 250-і Париж орналасқан Иль-де-Франс аймағында. Париж, Лион, Ренн, Страсбург және басқа қалаларда шерушілер мен полиция арасында қақтығыстар болды. Тәртіп сақшылары кей жерлерде көзден жас ағызатын газ бен су атқыш қолданған.

Қозғалыс күшейген сайын оқушылардың ата-аналары мен мұғалімдері де акцияларға белсенді араласа бастаған. Кейбір мектептерде ересектер оқушылар мен полицияның арасына тұрып, қақтығыстың алдын алуға тырысқан.

Франция премьер-министрі Себастьен Лекорню оқушылар көтерген мәселелерді мойындап, үкіметке қазан айының соңына дейін мұғалім тапшылығы мен мектеп инфрақұрылымына қатысты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.