Бұған дейін оған коммерциялық құпияларды ұрлау бабы бойынша төрт айып тағылған болатын.
Фото: freepik.com
ERNUR.KZ. Google компаниясының бұрынғы инженері тыңшылық жасады деген күдікке ілінді. Оған Google-ден жасанды интеллект (ЖИ) технологиясын ұрлап, Қытайдың ЖИ индустриясын дамытуға көмектесті деген айып тағылып отыр. Бұл туралы сингапурлық Lianhe Zaobao басылымы мәлімдеді, деп жазады inform.kz.
Басылымның хабарлауынша, АҚШ Әділет министрлігі 4 ақпан күні Google компаниясының бұрынғы бағдарламашы-инженері Дин Линьвэйге жаңа айыптар тағылғанын мәлімдеді. Бұған дейін оған коммерциялық құпияларды ұрлау бабы бойынша төрт айып тағылған болатын. Енді оған экономикалық тыңшылық жасау бабы бойынша жеті айып және коммерциялық құпияларды ұрлау бабы бойынша жеті айып қосылып отыр.
АҚШ Әділет министрлігінің дерегінше, егер қылмысы дәлелденсе, коммерциялық құпияны ұрлау бойынша тағылған әрбір айып үшін ол 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, 250 мың АҚШ долларына дейін айыппұл төлейді. Ал экономикалық тыңшылық бойынша тағылған әрбір айып үшін оған 15 жылға дейін түрме жазасы тағайындалып, 5 миллион доллардан кем емес айыппұл салынады.
Айыптау актісінен белгілі болғандай, Google 2019 жылы Дин Линьвэйді бағдарламашы-инженер ретінде жұмысқа алған. 2022 жылдың мамырынан 2023 жылдың мамырына дейін, ол өзінің Google Cloud аккаунтына 1000-нан астам файл жүктеген. Файлдардың арасында Google-дің құпия коммерциялық деректері де болған.
Айыптау қорытындысына сәйкес, Дин Линьвэй Google-дің коммерциялық құпияларын Қытай үкіметінің пайдасына асырмақ ниетпен ұрлаған. Ол Google-дің суперкомпьютерлік дерек орталықтарын Қытайға ЖИ модельдерін жеткізу үшін пайдалануға мүмкіндік беретін аппараттық және бағдарламалық технологияларды ұрлады деген күдікке ілініп отыр.
Белгілі болғандай, Дин Линьвэй Google-де жұмыс істеп жүргенде Қытайдың екі компаниясымен жең ұшынан жалғасқан және 2022 жылдың маусымында Бейжіңге орналасқан стартап компанияның бас техникалық директоры қызметін қоса атқарған. 2023 жылдың мамыр айында ол Шанхайда өзінің ЖИ және машиналық оқытуға маманданған технологиялық компаниясын құрады.
Сондай-ақ айыптау қорытындысында Дин Линьвэйдің Қытай билігінің кадрлық қолдау бағдарламасына өтінім бергені де айтылған. Бағдарлама шетелде ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысқан және өзі игерген білім мен зерттеу жетістігін Қытайға ала қайтқан ғалымдарға қаржылық қолдау көрсетуге бағытталған.